Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел 41 жасында германиялық мүмкіндігі шектеулі азаматқа тұрмысқа шықты (видео)

Желіде арбаға таңылған Германия азаматына тұрмысқа шыққан қазақстандық 41 жастағы Гүлжан Савгабаеваның видеосы тарады. БҚО-лық Гүлжан жұбайына ешқашан мүмкіндігі шектеулі адам ретінде де, өзге ұлт ретінде де қарамағанын айтады. Дегенмен желідегі “ақша үшін тұрмысқа шықты”, “арбадағы адамға қалай шыққан”, деген сындарға ұшырап жүргенін жасырмайды. Бүгінде Германияға көшіп барып, жаңа өмір бастаған келіншек Қазақстанда тұруды да ойлаған екен. Бірақ елімізде арбадағы адамдарға жағдай болмағандықтан кетуге мәжбүр болған. Гүлжан Stan.kz тілшісіне шетелдегі өмірі мен қызықты оқиғалары туралы айтып берді.

Фото: Гүлжанның жеке архивінен

“Қандай ұлт екені емес, қандай адам екені маңызды”

Гүлжан ағылшын тілінің мұғалімі. Ол жұбайымен үш жыл бұрын Алматы қаласында танысқан.

“Басында жұбайыммен желі арқылы араласып жүрдік. Кейін ол Алматыға келіп сонда таныстығымызды жалғастырдық. 

Жұбайым Германияның Франкфурд қаласында тұрады. Ол электротехника саласындағы инженер. Басында желі арқылы сөйлесіп жүрдік. Кейін ол Алматыға келді. Барлығы сыйластықтан басталды. Адамды жақынырақ таныған сайын түрлі сезімдерге бөленесің. Тұрмысқа шығу туралы ұсыныс алғанда, жақсы қабылдадым. Қорқыныш болмады, бақытты сезіндім. 

Мен үшін адамның қандай ұлттан болғаны маңызды емес. Орыс болсын, қазақ болсын, кім болса да бастысы жақсы адам болғаны. Қазақстаннан кетуіме де себеп болған осы адам”, – деді ол.

Фото: Гүлжанның жеке архивінен

Қазақстандық отбасының да бұл шешімді жақсы қабылдағанын алға тартты. Айтуынша, олардың тарапынан қарсылық болмаған. 

“Отбасымда анам мен ағам бар. Олар менің тұрмысқа шығатынымды жақсы қабылдады. Таңғалып, қобалжыған жоқ. Себебі олар қандай адам екенімді біледі және маған сенеді. Тіпті туысқандар тарапынан да сөккендерін естімедім. Бәлкім өзгелердің ойы мені алаңдатпағаннан шығар. 
Жұбайыма мүлде арбадағы адам ретінде қарамаймын. Адамды сынамас бұрын алдымен ол туралы жақсы білу керек. Себебі оны туысқандарым көргенде бәрі сүйсіне қарады. Ұзату тойымның өзі өте көңілді өтті. Тіпті ұзатудан соң бізге адамдардан керемет жылы сөздер мен тілектер келіп жатты. Бәлкім сынағандар да болған шығар. Бірақ мен қолдағандардың арқасында мұны сезбедім де. 
Әрине, біздің тарапқа түрлі сөздер айтып жатса, жағымсыз әсерде боласың. Бірақ мен қайда бара жатқанымды білдім. Сондықтан көңіліме қабылдап, ашулану туралы тіптен ойламаппын. Себебі бұл менің өмірім. Ал адамдардың бұл өмірге ойлары мен көзқарастары, ұстанымдары әртүрлі. Мен өзімнің таңдауымды жасаймын, өзгелердің емес”, – деп қосты ол. 

“Жұбайым ата-анасы өмірде болмағандықтан анама жақын”

Гүлжан жұбайының туысқандары да өзін жақсы қабылдағанын алға тартты. Айтуынша, мұндағы отбасылық өмірде келіндік міндеттер мен ұстанымдар жоқ.

Фото: Гүлжанның жеке архивінен

“Жұбайының туысқандары ұзатуға келе алмады. Алайда олар мені жақсы қабылдады. Барлығы жоғары білімді, табысты адамдар. Біздің некемізге өте қуанышты болды. 

Күйеуімнің өз ата-анасы өмірде болмағандықтан анамды өте жақсы көреді. Жұбайым мен ата-анамның қарым-қатынасы керемет. Олар бір-бірін түсінбесе де аударма арқылы араласады. Ерекше сыйластықпен, жылы қарым-қатынаста. Әркез анам үшін міндетті түрде ерекше сыйлықтар таңдап жүреді.

Отбасылық өмірде ешқандай қиындық жоқ. Мұнда барлығы басқаша. Адамдар көбіне жұмыстан босамайды. Біздегідей той, құдалық, деген жоқ. Адамдар өздерінің жеке дамуына, білім алуына, спортқа назар аударады. Олар көбіне таңмен жүгіруге шығады, велосипед айдайды. Яғни мұндағы адамдар өздерінің денсаулығы мен өздерінің дамуымен уақыт өткізеді. Басқа нәрсеге бас қатырмайды”, – деп қосты ол. 

@family_in_germany Очень хотелось показать традиции моего народа…. #germany #kazakhstan #weddingday ♬ оригинальный звук - 🇰🇿🇩🇪family_in_Germany

“Қазақстанда арбадағы адамдарға жағдай жасалмаған...”

Гүлжан Германияда адамдардың заң мен тәртіпті қатты ұстанатынына таңғалғанын жасырмады. 

“Германияда ауа райы басқаша, өте ылғалды. Мұндағы артықшылықтарға келсек, адамдардың құқығы қорғалған. Адамдар бір-бірін сыйлайды, жеке шекараға өтпейді. Сонымен қатар адамдардың құқығы мен қауіпсіздігі жақсы қорғалған. Мұнда тіпті адамдар бір-бірін алдамайды. Бәрі бір-біріне сенеді. 
Мәселен, бірде көлігіме жанармай құйып болған соң картамда мәселелер туындап төлей алмадым. Содан барып бәрін түсіндірдім. Олар маған “ештеңе етпейді, кейін келіп төлеп кетіңіз” деп жібере салды. Мен ұялғанымнан “құжатымды немесе затымды алып қалыңыздар” десем де ештеңе алмай мені жібере салды. Өзім қатты таңғалдым. Сосын келесі күні барып төлеп кеттім. Міне, мұнда адамдар тәртіпті ұстанады, жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан бір-бірінің тәртіпті бұзбайтынына да сенеді. Бұл өте керемет”, – деп қосты ол. 

Дегенмен, қазақстандық бұл жақта адамдармен араласу, көп әңгімелесу жетіспейтінін де жасырмады.  

“Өзіміз отырып шәй ішейік” деп әңгіме айту бұл жақта жетіспейді. Дегенмен қазір менде бұл елдің мәдениеті мен өмір ритмдеріне үйренісу жүріп жатыр.  Қазақстанды жаман дегім келмейді. Өз елімде де бәрі жақсы.
Біз тіпті жұбайым екеуіміз Қазақстанда тұру туралы да ойлағанбыз. Алайда өкінішке орай бізде арбадағы адамдар үшін жағдай жасалмағандықтан бұл шешімнен бас тарттық.  
Шетелге шыққанымда маған әрқашан өзіміздің қазымыз жетіспейді. Қазыны сағынамын. Бұл жерден дәл біздікіндей етті таба алмадым. Бәлкім бұл біздің геніміз шығар, бірақ қазыны іздеп тұрамын”, -деп қосты ол. 
@family_in_germany #germany🇩🇪 #kazakhstan #rec #recommendations #husbandwife ♬ Gym Music - Addison Zegan

“Желіде шектен шығатындарды бұғаттап тастаймын”

Гүлжанның бұған дейін тіл үйрететін мектебі болған. Дегенмен Германияға көшерде оны жабуға тура келген. Ол ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Айтуынша неміс тілін де меңгеріп жүр. Сонымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді. 

“TikTok-та өз оқиғамды салу арқылы көпетеген адамды жігерлендіргім келді. Дегенмен адамдар өздерінің ашу-ызаларын желіде шығарып жатады. Тіпті қандай әдемі нәрсе салсаң да бір сын табатындар бар. Сондықтан мұндай пікірлерге мүлде мән бермеймін. Ал тым шектен шығып жатқандарды өшіріп, бұғаттап тастайды. Адамдар мейірімдірек болыңыздар. Қысқа ғана өмірімізді жақсы сүрейік!”, -деп қорытты ол.  

Талқылау