“Квадробер” болуға шариғат бойынша қатаң тыйым салынған - ҚМДБ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "квадроберлерге" қатысты шариғат бойынша пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Shutterstock
“Адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналады. Тіпті адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуінің өзі шариғатымызда тыйым салынған. Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Өзбекстанда квадроберлерге айыппұл салынбақ
Муфтият кейбір теңеулердің немесе балаларға арналған ойындар мен театрлық қойылымдардың квадробер құбылысына жатпайтынын атап өтті.
"Ал батырды арыстанға, айлакерді түлкіге, сабырлыны түйеге теңеу, сол секілді театрлық қойылымдар, балаларға арналған ойындар т.б "квадробердің", яғни адамның жануарға еліктеуіне жатпайды”, – делінген хабарламада.
Квадробер – жануарларға ұқсау мақсатында арнайы маскалар, құлақтар және құйрықтар тағу арқылы олардың қимыл-қозғалысын қайталап, өзін жануар ретінде көрсету үрдісі.
Еске салсақ, осыған дейін Депутат квадроберлердің қаупін айтып, дабыл қаққан еді.