"Бауырын киіндіргендей": Дәмханада мүгедектігі бар жігітке қамқорлық көрсеткен даяшы көпшілікті тәнті етті (видео)
Әлеуметтік желіде дәмхана даяшысының мүгедектігі бар қонақтың сырт киімін киіндіріп, көмектесіп жатқан видеосы тарады. Желі қолданушылары қонаққа жанашырлық танытып, қамқорлық көрсеткен даяшыға тәнті болды. Stan.kz тілшісі көптің ризашылығына бөленген жігітпен сұхбаттасып көрді.
Фото: Видеодан скрин
Қызылордалық желі қолданушысы “Bauyrdaq” дәмханасында әсерлі сәтке куә болып, парақшасында бейнежазба жариялады.
“Бүгін дәмханада отырған кезде бәріміздің көзіміз осы күртедегі балаға түсті. Жүрегім ауырып қайта-қайта қарай бердім. Сол жерде жұмыс істейтін жігіт тамағын беріп, киімдерін кигізді. Осы балаға риза болдым. Кей жерде менсінбей қарайтындар бар. Ал бұл жігіт өзінің бауыры секілді жақсылап қарап, киіндіріп шығарып салды”, – деп жазды ол.
Мұны көрген желі қолданушылары жігітке тәнті болып, жанашырлық танытқанына риза болып жатты.
“Тақиядағы балаға Алланың нұры жаусын”, “Осындай ұл тәрбиелеген әке-шешесінің еңбегі”, “Жүзі сондай жылы”, “Инклюзивті ортаны қалыптастыратын өзіміз”, “Бауырын киіндіріп жатқандай”, “Қыздар, осындай жүрегі жұмсақ жігітті таңдау керек”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Видеодағы жігіт Мұқағали Қартбай – Қызылордадағы Орда колледжінің 2-курс студенті. Дене шынықтыру мамандығында оқиды. Айтуынша, сол видеоны түсіргенде жұмысқа енді шыққан екен.
“Видео шыққан күннен бастап істеп жатқан едім. Ол видеоны жұмыс уақыты аяқталып, қайтып бара жатқанымда досым көрсетті. Мені видеоға түсіргенін байқамадым. Негізі видеоға түсіргенін қаламас едім. Қонақ туралы маған сол күні ескертіп, айтты. Күнделікті келіп тамақтанып тұрады екен”, – дейді Мұқағали.
Оның айтуынша, дәмхана басшылығы видеодағы қонаққа тегін тамақтануға рұқсат еткен.
“Ол кісі қалада дәмхана ашылғаннан бері, яғни 4 айдан бері біздің тұрақты келушілердің бірі. Содан бері аптасына 4-5 рет келіп тегін тамақтанып кетеді. Бұл кісіден басқа да арасында келіп, тегін тамақтанатын тұрақты клиенттеріміз бар”, – дейді даяшы жігіт.
Мұқағали дәмханада басқада қайырымдылық шаралар ұйымастырылатынын айтты. Атап айтқанда, кейде дәмхана қызметкерлері мешіттерге тамақ апарып береді екен.
@orynbaeva13_ ♬ оригинальный звук - dinkarlykhan87