Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетелде жүргеніме 12 жыл болды": Қазақстандық қытайлық шоуға барып қалай танымал болғанын айтты

Қытайда романтикалық реалити-шоуға қатысып, отандастарымыз жанкүйер болған қазақстандық жігіт көптің есінде болар? Қытайлық арнаның өзінен шақырту алған Серік Медет қысқа уақытта бағдарламаның жұлдызына айналды. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Медет өзін танымал еткен қытайлық шоуға қалай тап болғанын және шетелдіктерді Қазақстанға қызықтырғанын айтып, жеке өмірінен сыр шертті.

Фото: Жеке мұрағаттан

Медет – Жезқазғанның тумасы, сол қалада 11-сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқып, Қарағандыда жоғары білім алған. Отандасымыздың Қытайда IT саласында қызмет істеп жүргеніне 12 жылдай уақыт болған.

“Адамдар мені қазақ тілін білмейді деп ойлайды екен. Кейінгі 5 жылда Шыңжаңдағы Huawei компаниясының бас кеңсесінде жұмыс істеймін. Сырт келбетіме қарап, көп адамда ұлтыма қатысты сұрақтар туады. Бірі татарға, енді бірі аралас ұлтқа ұқсатады. Бірақ ұлтым – қазақ”, – дейді Медет.

“Алаяқтар екен деп ойладым”

Кейіпкеріміз қазақстандықтар үзбей көріп, отандасына жанкүйер болған бағарламаға қалай тап болғанын айтты. Медеттің сөзінше, шоу ұйымдастырушыларының өзінен шақырту алған. 

“Бұл – қытайлық “Heart Signal” деп аталатын танымал бағдарлама. Елдегі ірі компанияның біріне тиесілі, шамамен, 7 жылдық тарихы бар рейтингі жоғары шоу. Осыдан 4 жыл бұрын Шыңжаң қаласына жұмысқа келгенде бұл шоу туралы маған әріптесім айтты. Қатысып, бақ сынап көруімді ұсынды. Бірақ ол кезде бағдарлама туралы ештеңе білмеймін, жұп іздеу де ойымда жоқ еді. Сөйтіп оның сөзіне мән бермедім. Былтыр қытайлықтар қолданатын әлеуметтік желіге тіркеліп, суреттерімді жүктедім. Желі қолданушыларына бір суретім ұнаса керек, “like” басып, белсенді түрде пікір қалдырып жүрді. Бірде “Heart Signal” бағдарламасынан хабарлама келді. Шоуды Донгуан қаласында түсіргелі жатқанын айтты. Бірақ мен мұны алаяқтардың бірі шығар деп мән бермедім. Кейін тағы хабарлама жазып, бизнес картасын жіберіп, байланысқа шығуымды сұрады. Осы компанияның өкілдері болып шықты. Сөйлесіп, хабарласып, сұхбаттастық. Сұхбат кезінде менің ойым, көзқарасым оларға жақсы әсер қалдырған екен”, – дейді Медеттің өзі таңданысын жасыра алмай.

Медеттің айтуынша, бағдарлама ұйымдастырушылары үлкен қалада жұмыс істейтін, жұмысбасты 6 қыз бен 6 жігітті табады. Оларды іріктеуден өткізіп, сұхбат алып бір-бірімен жақын танысуына жағдай жасайды. Таңнан кешке дейін жұмыста болып, уақытының көп бөлігін кеңседе өткізетін қыз-жігіттер қарым-қатынас құрып, жеке өміріне көңіл бөле алмайды екен.

Фото: Жеке мұрағаттан

“Медет – бағдарлама тарихындағы алғашқы шетелдік азамат”

Отандасымыз бағдарлама тарихында шоуға қатысқан алғашқы шетелдік екен. Медет қытайлықтардың өзін көргенде қалай қабылдағанын және ортақ тіл табысу қаншалықты қиын болғанын баяндады. 

“Мені алғаш көрген қатысушылардың бірі таңғалды. Өйткені олар шоуға шетелдік азамат қатысады деп мүлдем ойламаған. Алғашында бәрімізге қиын болды. Ешкім бір-бірін танымайды, камера, телевидение үнемі жанымызда болды. Қобалжу да бар. Олар бір-бірімен тез тіл табысып кетті. Мен сәл ілесе алмай қалдым. Ұлтқа қатысты ешқандай қиындық болмағанымен, тілге байланысты барьер болды. Өйткені олар тез сөйлеп кетеді, кішкентайынан қытайлықтарға тән ортақ әңгімелері көп болды. Бірақ ол да ұзаққа созылған жоқ, ортаға тез сіңісіп кеттім”, – дейді Медет. 

“Қытайлықтар “қазақтар Медетті алып кеткелі жатыр” деп шулады”

Ол аталмыш реалити-шоуды қазақстандықтар көреді деп ойламадым дейді. Медет отандастарының тарапынан осынша қолдау болады деп те күтпеген. 

“Бағдарламаны қазақстандықтар көреді деп ойламадым. Мен Қазақстандағы TikTok желісіне кіре алмаймын. Бірде үйдегілер, туыстарым, достарым маған бағдарламаның үзінділерін жібере бастады. Бірақ видеоның астындағы пікірлерді оқуға мүмкіндігім жоқ. Ол үзінділер қытайлық желіде тарап кетіпті. Шоудың үзінділерін көргенде мені “ортаға үйренісе алмай жүр” деп ойласа керек “ауылға қайт” деп жазып жіберіпті. Ал мұндағы қытайлықтар “қазақтар Медетті алып кеткелі жатыр” екен деп күліп, қызықтап жүр. Сөйтіп Қытайда мерекелік күндер басталып, мен Қазақстанға қайттым. Әуежайдан түсе сала “ауылға қайт дедіңіздер, қайттық” деп желіге видео салып едім, 1 миллион қаралым жинады”, – деп күлді Медет. 

Оның айтуынша, бағдарламаны толық көрмеген адамдар ортаға сіңісе алмай, қытайлықтар жатсынып жүр деп ойлаған. Сөйтіп Медетті Қазақстанға шақырған. Медеттің өзі мұны жоққа шығарды.

“Желіде шоудың тек үзінділері тарап жүр. Қай видеоға қатысты айтқанын білмеймін, бірақ көбіне видеодағы аудармалар дұрыс болмай жатады, фонына аянышты әндер қояды. Сол адамдардың эмоциясына әсер еткен болар. Негізінде айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Барлығы жақсы қабылдады, ешқандай жатсыну болмады”, – дейді отандасымыз.

Фото: Жеке мұрағаттан

“Мен сені жақсы көремін” – бағдарламаның ұранына айналды

Түсірілім кезінде Медеттің “мен сені жақсы көремін” деген сөздері танымал болып кетті. Қазақта сезімін білдіру үшін айтылатын бұл сөздер қытайлық көрерменнің де жүрегіне жетсе керек. Медет көшеде кетіп бара жатқанда жүгіріп келіп, “мені сені жақсы көремін” деп айтатындар көбейді дейді. 

“Шоу барысында біз жеке-жеке кездесуге шыға бастадық. Сондай кездесулердің бірінде жанымдағы қыз Қазақстан туралы айтып беруімді сұрады. Олар Қазақстан туралы көп нәрсе білмейді екен. Біздегі ерекшеліктер мен айырмашылықтар туралы білгісі келді. Негізі төрт тілді меңгергенмін. Бірде оқып, аударып отырып “сені жақсы көремін” (я тебя ясно вижу) деген сөз тіркесі мені ойландырып қойды. Бұл махаббат туралы бағдарлама болғандықтан осы тіркес туралы айтқым келді. Мысалы, ағылшын және қытай тілінде сезімді білдіретін арнайы етістік бар. Ал бізде белгілі бір етістік жоқ. Яғни, сезімді “сені көзбен көрдім, жақсы көріп тұрмын” деп жеткізетінімізді айттым. Бұл сөзге көбі таңырқай қарады. Кейін бұл сөз бағдарламаның ұранына айналды. Сөйтсем “мен сені жақсы көремін” деген тіркес қытайлықтар арасында танымал болып кетті. Бәрі бір-біріне жіберіп, айтып жүрді. Бір күні қытайлық әртіс 20-40 мың орындық үлкен стадионда “мен сені жақсы көремін” деп өз жанкүйерлеріне сезімін білдіріпті. Көшеде кетіп бара жатқанда адамдар танып, жаныма келіп “мен сені жақсы көремін” деп айтып жатады. Олар үшін бұл таңсық сөздер, қызық көреді. Бірақ жаныңа бөтен адам жүгіріп келіп, “мен сені жақсы көремін” десе, мен шок күйде тұрып қалатынмын”, – дейді Медет күліп. 

“Сіздің сөзіңізден кейін Шымбұлаққа келдік” 

Қытайлық шоуға жұп іздеп барған отандасымыз шетелдіктерге Қазақстан туралы айтып, кейін адамдар мені туризммен байланыстыратын байқадым дейді. 

“Бағдарламаға жұп табу үшін бардым, бірақ сөйтіп жүріп қатысушыларға Қазақстан туралы айтып үлгердім. Негізі бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Өйткені екі адам бір-біріне өздері туралы айтады, таныстырады. Өз елінің мәдениетін, алған тәрбиесі туралы ой бөліседі. Сондай сәттерде Қазақстан жайлы айтып отырдым. Бұл өлке мен Қазақстанның айырмашылығы, мұнда жаз бен қыс, қар жоқ, тропикалық аймақ. Жыл он екі ай жасыл болып тұрады. Сондықтан мұндағы тұрғындар қар көру үшін басқа елге барады. Сонда мен Алматыда таулар барын, таудағы қонақүй туралы айттым. Осылайша турзимге өтіп кетіппін. Сол үзінділер тез таралып, адамдар менен тау туралы сұрайтын болды. Соңғы үш айдың ішінде Алматыға екі рет бардым. Сонда ұшақта, тауға барғанда, қалада қыдырып жүргенде қытайлықтарды кездестірдім. Мені көрсе, жаныма келіп “Сіздің сөзіңізден кейін Шымбұлаққа келдік” деп айтып кетеді. Ұшақта кездестірген қытайлықтар “Қазақстанда қай жерге баруға болады” деп сұрап жатады. Бағдарламада Қазақстанды сипаттаған соң елімізге тауды көруге келгендер көп болған сияқты”, – дейді кейіпкеріміз.

Фото: Жеке мұрағаттан

“Махаббат туралы шоуға бармаймын”

Медет өзі барған қытайлық реалити-шоудың ерекшеліктері туралы айтып берді. 

“Осыған ұқсақ Қазақстанда да бойдақ, басы бос қыз-жігіттерді табыстыратын бағдарлама бар екен. Бірақ өзім көрмеппін. Үйдегілерден сұрасам, форматы сәл басқаша екен. Алайда өзім енді махаббат туралы бағдарламаларға бармаймын деп шештім. Осы да жетер. Менің байқағаным, бағдарламаға қатысушылардың бәрінің мақсаты бір. Бәрі өзіне лайық, құндылықтары мен қызығушылықтары ортақ, тіл табысып кететін, бір-біріне көмектесіп, кез келген жағдайда қолдау беретін жанды іздеп келді. Бұл бағдарламаның шарттарының бірі – алғашында ешбір қатысушыда басқа қатысушылар туралы ақпарат болмайды, бір-бірі туралы білмейді. Шартқа сәйкес, қатысушыларға жұмысы, әлеуметтік жағдайы туралы айтуға болмайды. Мұндағы мақсат – қатысушылар бір-бірін адами құндылықтарына қарап біліп, тануы”, – дейді отандасымыз.

“Қазақ қызы болса өзіме де жеңіл болар еді”

Осы тұста Медеттен бағдарламадағы жұбымен қарым-қатынасы туралы сұрадық. Медет қытайлық арнаның қойған шартына байланысты жобадағы арумен қазіргі қарым-қатынасы туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Десе де, оқырмандар Instagram парақшаға қарап бәрін түсінген болар деп топшылады. Бірақ Медеттен болашақ жарын қалай елестететіні туралы сұрап алдық.

“Осы махаббат туралы сұрақтар қойғанда сәл ұяламын. Болашақ жарыма қоятын нақты талаптарым жоқ. Бастысы мейірімді жан болса, бір-бірімізді түсінісе алатын (тілге қатысы жоқ) болсақ болды. Қазір жасым 30-дан асты, шетелде жүргеніме де 12 жылдай уақыт болды. Жанымда кездесіп, сөйлесетін қазақстандықтар жоқ. Кейінгі 10 жылда таңнан кешке дейін қытайша немесе ағылшын тілінде сөйлейміз. Ұлтына байланысты қатып қалған қағида жоқ, бірақ қазақ қызы болса өзіме де жеңіл болар еді деп ойлаймын”, – дейді Серік Медет. 

Қытайда жүрген отандасымыз бағдарламаны көріп, өзіне қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғыс білдірді. Ол Алматыда жүргінде көп адамдар танып, құшақтап, суретке түсіп, демеу берген отандастарының көп болғанын айтты.

Талқылау