Алматыда 20 жастағы жігіттің өлімі: Пышақ жарақатынан көз жұмған адам әлем чемпионы болып шықты
Алматыда пышақтап кеткен 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды. Марқұм кикбоксшы, тай боксынан әлем чемпионы Әли Серік болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: alibanec_ Instagram парақшасынан
Жас спортшының өлімі туралы ақпарат жергілікті БАҚ-та пайда болды. Деректерге сүйенсек, оқиға кешкі уақытта Науырызбай ауданында болған.
Оқиғаның егжей-тегжейін Алматы қаласының полиция департаменті айтып берді.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, таныстар арасында жанжал болған. Олардың біреуі кейін пышақ қолданған. Қылмыс құралы тәркіленді. Күдікті көп ұзамай тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді полиция.
-
"Көзін ойып, тістерін жұлып алған": Алматыда мәйіті ала дорбадан табылған әйелдің анасы қызының айуандықпен өлтірілгенін айтты
20 жастағы ер адамды өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Спортшының Instagram парақшасында қазақстандықтар көңіл айтып жатыр.
Әли Серік 58 келі салмақ дәрежесінде кикбоксингтен 2023 жылы өзінің дебюттік жекпе-жегін қытайлық балуанмен өткізді. Ол тай боксынан әлем чемпионы болған.
Еске салсақ, Алматыда жол бойында әлдекімдер 20 жастағы жігітті пышақтап кеткені туралы хабарлаған едік.