Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіпті мәйіттерді де тасуға болады": Қазақстандық депутат такси арқылы тасымалданатын жүктердің бақыланбайтынын сынға алды

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев такси платформалары арқылы тасымалданатын жүктердің бақыланбайтынын айтып алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Депутаттың пікірінше, мұндай жағдай ұлттық қауіпсіздікке қатер келтіреді.

"Қазір платформалық тасымалдау жүйесінде жүктер мен багаж іс жүзінде бақыланбайды. Кез келген қолайлы жерден біз құжат, гүл, сыйлық пен тауарлар сияқты әртүрлі заттарды еркін  жібере аламыз. Бұл ыңғайлы. Бірақ дәл осылай қару-жарақ, есірткіні де тасымалдауға болады. Тіпті мәйіттерді де дәл осылай тасымалдауға болатынын сенімді түрде айта аламын. Осы жерде қылмыскерлер де мемлекетке рахмет айтып жүрген шығар. Бұл маңызды сауалды қалай реттейсіз?"- деді Казанцев мәжілістегі үкімет сағатында.



Көлік министрі Марат Қарабаев бұл мәселені реттеу үшін нормалар көзделген пошта туралы заң жобасы қаралып жатқанын алға тартты.

"Мұндай жүктерге қойылатын талаптардың бірі –  қабылдаушы тарапта техникалық жарақтандырудың болуы. Бұл жүктің не екенін ашпай-ақ анықтауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Қарабаев.

Талқылау