Айтбек Амангелді Шерзат Полаттың әкесінің қазіргі жағдайы туралы айтты
Талғарда көз жұмған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов БАҚ өкілдерімен кездесуді талап еткеннен кейін оны полиция ұстап алып кеткен еді. Оқиғаға қатысты құқық қорғаушы Айтбек Амангелді пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Айтбек Амангелді оқиғаның нақты қалай болғанын білмейтінін, қазір адвокаттармен байланыста отырғанын айтты.
"Қазір Саида мен Маралмен байланыстым. Олар Қаржаубаймен бірге аудандық полиция бөлімінде. Психолог та полиция бөлімінде. Сонымен қатар бүкіл отбасыға көмек көрсету үшін тағы екі психолог жұмылдырылды. Бүгінгі жағдайға қатысты айтатын болсақ, оқиға ер адамдар жерлеуге кеткен кезде болған деп түсіндім. Артынша жағдай ушығып кеткен. Әйелдер үйде отырған. Мен нақты не болғанын білмеймін. Алдағы уақытта Саида журналистерге жағдайды түсіндіреді деп ойлаймын”, – дейді Айтбек Амангелді.
Адвокаттың Қаржаубай Нұрымовпен байланысқа шыққаны, оның жағдайы жақсы екені айтылды.
"Қаржаубайдың БАҚ-пен сөйлесу туралы талабына қатысты айтар болсам, оған ешкім сөйлесуге шектеу қойған жоқ. Егер ол өтініш жасаған болса, біз БАҚ-пен байланыс құрып беретін едік. Бұл мәселе емес. Мен қазір болып жатқан оқиғаны толық түсінген жоқпын. Мән-жайды анықтау керек. Мен өзім Алматыдамын. Мен әзірге адвокаттар мен психологтан ақпарат күтіп отырмын. Мен Саидадан Қаржаубайдың фотосын түсіріп жіберсін деп өтіндім. Барлығы Қаржаубайдың қазіргі жағдайын көргенін қалаймын. Өйткені оны соққыға жыққан деген ақпарат тарады. Мұның қаншалықты рас екенін білмеймін. Бірақ Саида Қаржаубаймен телефон арқылы сөйлесіпті, дауысы жақсы деді. Қандайда бір ақпарат алсақ, бөлісетін боламын”, – дейді ол.
Еске салсақ, кісі қолынан қаза болған жасөспірім Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етті. Газельдің үстіне шыққан Қаржаубай журналистер келмеген жағдайда өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Талғардың шетінен Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылғаны туралы жазған едік. Полицейлердің мәліметінше, 30 жастағы ер адам асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Еске салайық, Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. Ішкі істер министрлігі Шерзаттың өліміне қатысты 10 адам күдікті деп танылып, бес қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ министрлік жасөспірімді өлтірді деп айыпталған күдіктілер арасында бұрын сотталғандар бар екенін де растады.