Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызды алып қашқан жағдайда екі тарап татуласа алмайды": Орталық Азия елдері тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күреседі?

Алматыда "Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйесі: агрессорларды түзету бағдарламалары" атты конференция өтті. Сарапшылар Орталық Азия елдеріндегі заңдарды талқылап, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қандай өзгеріс енгізу қажет екенін сараптады. 

Фото: Stan.kz

Қырғызстанда жағдай қалай өзгерді?

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Құқықтық тәртіп, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің депутаты, "Ыйман Нуру" фракциясының жетекшісі Динара Ашимова өз елінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қалай жүзеге асқанын айтты. 

“12 заңға өзгерту енгізілді. Ол 3 жыл менің бастамаммен және 31 депутат қосылып, парламентте қаралды. Енді Қырғызстанда тұрмыстық зорлық көрсе, әкімшілік кодекс бойынша коррекциялық бағдарламадан өтеді. Олармен арнайы психологтар жұмыс істеуі керек”, – деді Қырғызстан депутаты.

Сөзінше, елде қызды еркінен тыс алып қашу кеңінен етек жайғандықтан, енді ол бойынша екі тарап татуласа алмайды. Дәл солай жыныстық зорлық жасағандар жәбірленуші кешірім берсе де, жазаға тартылады. Ал Қазақстанда татуласу мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстандық заңгерлер осыған байланысты бірнеше рет сын айтып, өзгерісті талап еткен еді.

Қырғызстанда мүгедектігі барларға қарсы қылмыс тіпті бөлек қаралады.

Одан бөлек бұған дейін Қырғызстанда тек заңды некедегілердің ісі тұрмыстық зорлық-зомбылық деп қарастырылып келді. Енді азаматтық неке, бірге тұратындар арасындағы қорлық та отбасылық жанжал деп есептеледі. 

Әрі Қазақстаннан бір ерекшелігі – бізде агрессорға қарсы қорғау қағазы 1 айға берілсе, Қырғызстанда 1 жыл екен.

Фото: Stan.kz

“Өзбекстанда заң бар, бірақ халық кей заңға немқұрайлы қарайды”

Гендерлік теңдік жөніндегі сарапшы, Ташкент мемлекеттік заң университетінің доцент, заң ғылымдарының докторы Камола Алиева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдар күшейтіліп, сталкинг пен харассмент үшін де жауапкершілік енгізілгенін түсіндірді. 2025 жылы мамырда елде “Бала құқығын қорғау” заңы күшіне енеді екен. 

Алайда Камола Алиеваны “ерте жастағы неке” алаңдатады. Сөзінше, балалар омбудсмені осындай некелерді қатаң тексеріп, тыйым салса да, елде қызын ерте күйеуге беретіндер бар. Сол себепті елде “ерте жастағы неке” және “туыстық некеге” тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр. 

“Заң шығады, алайда адам құқығы расымен қорғалып, ол орындалуы үшін халықтың санасының өзгеруі маңызды. Егер қоғамның басым көпшілігі зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе деп көрсе, заң нәтижесін бермейді. Сондықтан қоғамдағы стереотиптер мен қоғам түсінігін өзгертуіміз керек деп ойлаймын”, – деді Өзбекстанның сарапшысы.

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары

Дағдарыс орталықтары одағының директоры Зульфия Байсақова елде дағдарыс орталықтарына аз ақша бөлінетінін айтады. Мәселен 2021 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға 4,5 миллиард теңге бөлінген, соның 705 миллион теңгесі дағдарыс орталықтарына берілді. Елдегі 48 орталықтың 31-і мемлекеттік емес екен.

“Сонымен қатар 2025 жылдан бастап әлеуметтік кодекске өзгеріс енгізіліп, медициналық-түзету орталықтарына лицензия алу міндеттеледі. Соған сай кей дағдарыс орталықтарында құжатта қате болып, лицензия берілмегені зардап шеккен әйелдерге қауіп төндіреді. Себебі әр дағдарыс орталығы әйелдер үшін өте маңызды. Бір облыстағы орталық жабылса, сол өңірдегі хәлі мүшкіл әйелдердің барар жері болмай қалады”, – деді Байсақова.

Сөзінше, “Жансая” дағдарыс орталығы биыл 433 адамды қамтыды, оның 144-і – әйелдер, 285-і – балалар. Ал былтыр 357 адам қабылданса, оның 120-ы реабилитациядан өтіп, қоғамға сіңісті. Жылдан-жылға орталыққа келушілер санына қарап, ол мұның сұранысы мен қажеттігі үлкен екенін атап өтті.

Конференцияда сарапшылар Орталық Азия елдері зорлық-зомбылықпен күрес жолында тәжірибе алмасып, бір-бірімен талқылау маңызды дейді. Соның ішінде қазақстандық сарапшылар Қырғызстанның агрессорды мәжбүрлі түрде психологиялық емдеуден өткізу шарасын қайталау керегін талқыға салды. Қазақстанда әзірге тек зорлықтан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.

Талқылау