Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қантар оқиғасы кезінде 100-ге жуық адамды азаптады деп айыпталған полицейлерді үш жылға соттау сұралды

Қаңтар оқиғасына қатысты жәбірленуші тарап азаптады деп айыпталып отырған алты полиция қызметкерін үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 26 желтоқсанда Алматы облысы Қарасай ауданында өткен сотта тараптар істі талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Азаттық

Сот отырысында прокурор Арыстанбек Әлікенов судьядан Бауыржан Сопақов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов, Серік Тұрпанов пен Нұрсұлтан Хамитовты Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарын азаптады деп тануды сұрады. Сондай-ақ оларды үш жылға бас бостандығынан және атағынан айыруды ұсынды. 

Қошмамбет ауылындағы мекемеде азапталған 23 Өзбекстан азаматының мүддесін сотта қорғап жүрген адвокат Айна Шорманбаева айыпталушыға сұралған жаза тым жеңіл деп санайды.

“Не айта аламын? Қазақстанда жаппай азаптағандарды осылай жазалайды. Бұл іс халықаралық қысымның, жариялылықтың және құқық қорғаушылардың күш-жігерінің арқасында ғана сотқа жетті. Іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2 және 3-бөлігімен (қазір 146-баптың 1-бөлігі "Азаптау" бойынша айып тағылды) саралануы керек деп есептейміз", – дейді Шорманбаева.

Жәбірленушілер тарапы соттан тағылған айыпты қайта саралауды және істі басқа сотқа ауыстыруды сұрады. Ол бұған іс материалдарында қаралған оқиғалардың Қарасай ауданында болғаны және сол ауданның сотында қаралған кезде мүдделер қақтығысының болуы мүмкін екені түрткі болды. Сонымен қатар адвокаттар қазіргі уақытта істегідей 44 емес, 98 адамды азаптау құрбаны деп тануды сұрады.



Істі қарап жатқан судья Дінмұхамед Адайбаев істі басқа сотқа ауыстыруға негіз жоқ деп санады.

Айта кетейік, сот 16 қыркүйекте басталды. Полиция қызметкерлеріне Қылмыстық кодекстің 146-бабы (Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар) және 362-бабы (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысына сәйкес, 2022 жылдың 7 қаңтарында Алматы-Бішкек тас жолында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жүзге жуық азаматы ұсталған. Оларды шекара қызметінің арнайы жасағы тәртіпсіздікке қатысы бар деген "тұтқынға алу операциясы" кезінде қолға түсірген. Ұсталған 98 адам Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Оларды жеткізу үшін құжаттар толтырылмаған. Ұсталғандар мекемеде аяусыз азаптауға ұшыраған.

Тәртіпсіздік кезінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасы жас жігіттің "бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын" "мойындаған" видеосын көрсетті. Кейін бұл азапталып, өзін айыптауға мәжбүр болған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Бұл эпизод халықаралық жанжал тудырды. 

Айта кетейік, бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде президент резиденциясына және Алматы әкімдігіне шабуыл жасаған 11 адамға үкім шығарылған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 26 Желтоқсан, 2024 16:26