Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есебі көрінетін онлайн платформа ашу қажет": Қазақстандық сарапшылар қайырымдылық қорларының мемлекет бақылауына өтуіне қатысты ұсыныс жасады

Қайырымдылық қорларына қатысты туған даудан кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева енді олар мемлекет бақылауына алынатынын мәлімдеген еді. Қоғам белсенділерінің осы тұста пікірі екіге бөлінді, бірі мұндай бастаманы қолдаса, тағы біреулер ол мәселені толық шешпейді деп санайды. Қайырымдылық қорын мемлекет бақылауға алу керек пе, мұндағы алаяқтықпен қалай күресуге болады? Stan.kz тілшісі осы сауалдарды сарапшыларға қойды.

Аида Балаеваның айтуынша, билік Қазақстандағы барлық қайырымдылық шараларын бақылауға алуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар қазақстандықтарды алаяқтардан қорғау үшін маңызды дейді ол. Қазір елімізде қайырымдылық негізінен азаматтардың емделуіне ақша жинау түрінде көрсетіледі. Мәдениет министрлігі көмек көрсетудің бірыңғай тетігін құруды ұсынып отыр.

"Мәселе талқыланып жатыр. Ұсыныстарды жинап, сарапшылардың пікірлерін зерделеп жатқандықтан, әзірге нақты шешім шыққан жоқ. Бұл оңай шығарылатын шешім емес. Қазір алаяқтық фактілері тіркеліп жатыр. Сондықтан біз қайырымдылық жасау тетігін жетілдіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Халыққа зияны тиетін шешім қабылданбайды", – деді Балаева.

“Банктер ашатын қорларды дамыту керек”

Заңгер Ержан Есімханов Қазақстандағы қайырымдылық саласын толықтай мемлекет бақылауына беріп қою дұрыс бастама емес екенін ашық айтты. Ол елдегі қайырымдылық саласында алаяқтықтың дамуына үш нәрсе әсер етті деп жазды желідегі парақшасында. 

“Біріншіден, халқымыз қиналғандарға көмектесуді бұрыннан жақсы көреді. Екіншіден, елімізде банк жүйесі дамыған, ақшаны кез келген жерден кез келген жерге санаулы секундта аударуға болады. Үшіншіден, бұл сала өте үстірт немесе мүлдем реттелмеген дерлік. Осы үш нәрсе қосылғаннан қиянат пен пайдакүнемдік пайда болды”, – деді ол.

Қайырымдылық қорларының мемлекетке “тәуелді болу” салдарын былай түсіндіреді:

“Министр Балаева мемлекет барлық қайырымдылық қор мен шараларды өз бақылауына алады деді. Бұл – нашар идея. Біздің мемлекетте ол онша тиімді емес, себебі бір-екі жылдан кейін осы жаңа мемлекеттік қайырымдылық қорының басшысы Дубайдан ондаған үй алғаны туралы жаңалықтарды естиміз. Мұндайды жүз рет бастан өткердік және оны қайта естігіміз келмейді”, – деді Есімов.

Ол қайырымдылық қорларының үш түрін атап өтті. 

  • Біріншісі – стихиялық. Төтенше жағдай болып, біреу ауырып немесе апатқа ұшыраған кезде шұғыл ақша жинайды.

Заңгердің сөзінше, бұл сала мүлдем бақыланбайды. Ол ақшаның қайда жұмсалғанын ешкім қадағаламаған соң, алаяқтық әрекеттері дәл осы қайырымдылық форматында көп болып жатады.  

  • Екіншісі – ұйымдасқан жеке бастама. Бұған "Асар-Уме" мен “Біз біргеміз” қорлары жатады. Мұнда белгілі бұр құрылым, ресми өкілдер бар.

“Бұлар – қайырымды істі жүйелі түрде жасайтын, бірақ ақша тапшылығы кездесетін керемет ұйымдар. Бірақ бұл ұйымдардың көбінің мәселесі есеп беруінде”, – деді заңгер.

  • Үшінші түрі – институциялық қайырымдылық . Банктер және басқа да ірі кәсіпкерлік ұйымдар ұйымдастыратын қорлар.

Ержан Есімов осы қайырымдылық түріне оң көзқараста. Сөзінше, қамқоршылық кеңесі, бюджеттік есеп беру тұрғысынан ең орынды формат. Және қайырымдылық қорларындағы алаяқтықты осы арқылы жою керек деп есептейді. 

“Стихиялық қайырымдылықтың уақыт өте келе толығымен жойылғаны дұрыс. Оның орнына банктерде арнайы мақсатты шот болуы керек. Адамдар тек соған аударатындай. Ал алаяқтықтың алдын алу үшін қайырымдылықтың үшінші түрін қалдыру керек. Еріктілерден жиналған ұйымның қамқоршылық кеңесі жоқ. Бізге ашықтық пен есеп берудің қарапайым талаптары қажет, мемлекет толық қарамағына алғанша, тек осындай талаптарды тұжырымдау қажет”, – деді ол.

“Халықтың сенімін жоғалтып жатырмыз”

Мәжіліс депутаты, Dauletten қорының негізін салушы Дәулет Мұқаев министрліктің бастамасын толық қолдайды. 

"Қайырымдылық қорлары мемлекеттің бақылауында болғаны дұрыс. Себебі “көз қысты, бармақ басты” болып кетеді. Кейінгі жайттарға байланысты халықтың сенімін жоғалтып жатырмыз, халық барлық қорға күмәнмен қарайтын болды. Негізі қайырымдылық қорын тіркеу үшін әділет министрлігінен рұқсат алады. Меніңше, әрі қарай да олардың қызметін тексеру осы министрліктің құзыретінде болуға тиіс еді. Бірақ рұқсат алған соң әрі қарай ешқандай тексеріс жоқ. Тек бір шулы іс болғанда қимылдайтынымыз өкінішті”, – деді Мұқаев.

Ол төтенше жағдайда ақша жинағысы келетін немесе көмектескісі келетін еріктілер ресми қормен жұмыс істеуге тиіс деп санайды.

“Жеке тұлғаның шотына ақша аударғанды доғару керек. Көмек көрсетіп, ақша жинағысы келген адам қайырымдылық қорымен келісімшарт жасасып, сол қор арқылы қолғабыс етуге тиіс”, – деді депутат.

Сөзінше, шот цифрланған, қанша түсті, қанша кетті, анықтау аса қиын емес. Енді осы бойынша заңға өзгеріс енгізу мақсатында жұмыс тобы құрылады дейді. 

Қайырымдылық қорларына арнап онлайн платформа ашу қажет

Саясаттанушы Замир Қаражанов заңға өзгеріс енгізіп, кодексті қайта қарау керек деп санайды. 

“Бұл мәселе тек Қазақстанда емес, Германияда да өзекті. Бұл саладағы алаяқтық дерегін дәлелдеу қиын, себебі адамдар ақшаны өз еркімен аударады. Ал адамдар өзі беріп тұрған кезде заңдық негізде олардың кінәлі екенін көрсету қиындық туғызады. Бір жаманы – қайырымдылыққа ақша аударғандарға түбіртек сынды қолхат берілмейді. Яғни ақша қайырымдылыққа, дәл аталған мұқтаж жанға берілді деп көрсететін қағаз жоқ”, – деді ол.

Замир Қаражановтың сөзінше, елде қайырымдылық саласын дамыту өте маңызды. Ол тек мұқтаж жандар үшін емес, қоғамның эмпатиялық сезімін арттыру үшін де керек дейді.

“Қазақстанда қайырымдылық қорлары көбейіп кетті деп ойлағанымызбен, әлем бойынша да, Орталық Азия арасында да бұл сала бойынша төмен орында тұрмыз. Тіпті Тәжікстан мен Өзбекстаннан артта қалдық. Халықтың 80%-ы мұсылман, садақа жасауға бейім дегенімізбен, төмен көрсеткіш болғаны таңғалдырады. Аталмыш алаяқтық жағдайлары сенім дәрежесін одан бетер түсіреді. Ал бізге бұл саланы жойып алмау қажет, себебі бұл – халық арасындағы қарым-қатынас, эмпатияны арттырудың бір жолы. Мемлекет тек үкіметке тәуелді емес, халықтың өте маңызды күш екенін түсінген жөн”, – деді саясаттанушы.

Алайда сарапшы барлық қорды мемлекеттің қарамағына беріп, қайырымдылық жасағысы келетіндер үшін ақша жіберуге бір ғана шот ұсыну тиімсіз деп есептейді.

“Қайырымдылық қорының негізгі идеясы, ойы қоғамдық әрі ерікті сипатта болса, осы түпкі ой жоғалмағаны абзал. Барша адам үшін ашықтықты қамтамасыз еткен дұрыс. Меніңше, қайырымдылық қорларына қатысты онлайн платформа ашу қажет. Сонда барлық қор туралы толық ақпарат, есебі мен портфелі ұсынылады. Кімге көместеседі, қанша және қайда жұмсайды, бәрі көрсетіліп тұрғаны жөн. Цифрландыру қиын емес, Kaspi сынды банктер интеграцияласа, әр түскен аударым осы платформада сақталады. Адамдар әлеуметтік топтағы қандай адамға көмектескісі келетінін өзі таңдайды немесе әрқайсысына теңдей бөлінетіндей етіп жібере алады. Сонда ақша діттеген жеріне жетті деген кепілдік болады”, – деді сарапшы.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы барлық қайырымдылық қорлары мемлекет бақылауына алынатыны айтылды. 

Талқылау