Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы төрт баланың өлімі: Өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды

Астанада жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан балалардың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ТЖД

Қалалық ТЖД тергеу бөлімі оқиғаны тергеумен айналысады. Департамент істің ҚР ҚК 292-бабы (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша жүргізілгенін хабарлады.

"Екі қабатты тұрғын үйде өрттің болуына және оның салдарынан балалардың қаза табуына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы фактісі бойынша ТЖД тергеу бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бұл бап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады, сондай-ақ үш жылға дейінбелгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мүмкіндігін қамтиды", – деп хабарлады Астана ТЖД баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдары тергеу аяқталғаннан кейін оқиға бойынша нәтижелерді жариялайтынын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, өрт 2024 жылдың 17 қарашасында Астана қаласындағы жеке екі қабатты тұрғын үйде болған. Өрт үйдің шатырын қамтып, оның бір бөлігі құлап кеткен. Оқиға салдарынан 2 жастан 13 жасқа дейінгі төрт бала қаза тапты. 

Деректер бойынша, балалар бір үйде өскен. Үш ұл мен бір қыз. Үй өртенген уақытта өздерінен басқа ешкім болмаған. Балалардың анасы оларды жалғыз асыраған. Өрт болған уақытта жұмыста болыпты. 

Талқылау