Астанада мектеп директоры оқушылардың тәртібіне көңілі толмай бүтін бір сыныпты жабуға шешім қабылдаған
Астанадағы №25 мектепте дау туды. Ата-аналардың айтуынша, мектеп директоры жоғары сынып оқушыларының сабаққа қатысуы, тәртібі және оқу үлгеріміне көңілі толмай, оқу жылының ортасында сыныпты жауып тастайтынын айтып қорқытқан. Қиын жағдайға тап болған балалардың ата-аналары журналистерге шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
сюжеттен скрин
Айгерім Аймағамбетова – мектептен шығару қаупі бар баланың анасы. Ол баласының оқу үлгерімі жақсы болғанына қарамастан, мектеп директоры білім алу процесіне қысым жасап жатқанын айтады. Тіпті, директор бүкіл сыныпты оқудан шығаратынын айтып қорқытқан, ал мұнда 30-ға жуық жасөспірім оқиды. Ата-аналардың айтуынша, бұл жағдайға тәртіпсіздік және оқушылардың сабаққа уақытылы бармауы себеп.
"Менің балам ешқашан сабақтан қалған емес. Кейде кешігіп барады. Бар мәселе сол. Балам осы мектепте бірінші сыныптан бастап оқып келеді. Оның сыныптастары, достары бәрі осында. Ол:"Мен қайда барамын?" деп жатыр. Ал басқа мектепке ауысу мүмкін емес, орын жоқ", - дейді Айгерім.
Ата-аналардың айтуынша, балалар бұрын басқа мектепте оқыған, бірақ ғимаратты бұзу туралы шешімнен соң оқушыларды басқа мектепке ауыстырған. Оқушылардың жиі кешігуі мектептің қаланың басқа ауданында орналасқанына байланысты екенін айтады ата-аналар. 10-сынып оқушыларының кейбірін шығаруға шешім қабылдағаны туралы жаңалықты ата-аналар жақында естіген.
Мектеп директоры өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, сыныпты қысқартуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Дегенмен, тәртіпсіздік мәселесі бар оқушыларды басқа мектепке ауыстыруды ұсынған, бірақ ата-аналармен бұл мәселені жеке талқылауға дайын екенін айтты.
"Бұл сыныпта тәртіп жоқ. Олар сабақ жүргізуге кедергі келтіреді, мұғалімдерді мазақ етеді, боғауыз сөздер айтады. Бұл мәселе талқыланды, кейін ата-аналарға ескерту жасадық. Біз мектеп ретінде ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы хат жолдай аламыз. Бірақ ата-аналардың ешқайсысы мұғалімдерден кешірім сұраған жоқ", - дейді мектеп директоры Алмаз Қиянов.
Сынып жетекшісі мен басқа да мұғалімдер сыныптағы тәртіптің жоқ екенін растады. Оқушылар сабақтарға қатыспайтынын және жиі кешігетінін, бұл жақсы оқитындарға да әсер ететінін айтады.
Директордың позициясы ата-аналарға түсініксіз болғандықтан, олар мемлекеттік органдарға хат жазып, білім беру мекемесінің әрекеттерінің заңдылығын сұрады.