Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайрат басқарған “Biz Birgemiz” қорының құрылтайшылары Amanat партиясының өкілдері болып шықты

Белгілі ерікті Перизат Қайрат бастаған “Biz Birgemiz” қорының тең құрылтайшыларының көпшілігі Amanat партиясынан екені белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: instagram/01pk

Айта кетсек, қаржы мониторинг агенттігі 14 қарашада Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат ұсталғанын хабарлады. Ол көктемгі тасқын кезінде зардап шеккендерге арнап жиналған 1,5 млрд теңге көлемінде қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.

"Biz Birgemiz" қорының Amanat партиясымен және оның волонтерлік жобаларымен тығыз байланысы бар. Adata.kz деректері бойынша, қордың толық атауы - "BIZ BIRGEMIZ QAZAQSTAN 2030" қоғамдық бірлестігі. Ол 2021 жылдың 11 қазанында Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментімен тіркелді. Қордың құрылтайшыларының қатарында тоғыз адам, оның ішінде Amanat партиясымен және оның құрылымдарымен байланысты белгілі тұлғалар бар:

  • Перизат Қайрат – қордың басшысы және жымқыру ісі бойынша басты күдікті.
  • Тоқтар Болысов – "Inmode" ЖШС және "Consult-Invest ITIC" ЖШС компанияларының директоры;
  • Арсланбек Мағзұм – "Amanat" партиясы жанындағы "Жастар рухы" Жастар қанаты" қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының жетекшісі;
  • Сергей Матюшенко – "Amanat партиясы"  қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы "Байқоңыр" аудандық филиалының басшысы және "Біз" азаматтық қозғалысы" қоғамдық қорының жетекшісі;
  • Гүлназ Сейткамал;
  • Аружан Аманбай;
  • Әйгерім Серікжанова – "Аmanat" партиясы жанындағы"Jastar ruhy" Жастар қанаты ұйымының Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы және "Sat Media" компаниясының жетекшісі;
  • Шадияр Тұрғанбай;
  • Аян Бауыржанұлы Хафиз – Amanat партиясы жанындағы "Jastar ruhy" Жастар қанаты ұйымы Астана қалалық филиалының бұрынғы құрылтайшысы.
  • Дамир Сәкенұлы Хисматуллин.

Қордың сайтындағы мәліметке сәйкес, олардың қозғалысының қатарында 15 мың ерікті бар. Олар, төтенше жағдайлар кезінде (су тасқыны, өрт сөндіру, пандемия), көпбалалы отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетеді. Тіпті халықаралық волонтерлық қызметпен айналысады. Мәселен, қор Түркиядағы жер сілкінісі және Палестинадағы қақтығыс кезінде қол ұшын созған. 

"Біз дағдарыс пен төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан халқына көмек пен қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ халықтың осал топтарының өмірін жақсарту және халықаралық көмек жобаларына қатысу арқылы әр адам жақсы болашақ құруына үлес қоса алатын тұрақты ортаны құруға тырысамыз. Біз ерекше қажеттігі бар отбасыларға қолдау көрсетіп, табиғи апаттардан зардап шеккендерге қол ұшын созамыз", – дейді Қор құрылтайшысы желідегі жазбасында. 

Kompra қазақстандық компанияның сенім қызметінің дерегінше, қайырымдылық қорының 2022 жылғы салық төлемі– 537 мың 778 теңге. Ал 2023 жылғы салық төлемі 268 мың 264 теңге. Дегенмен 2024 жылдың салық бойынша есебі көрсетілмеген. Алайда қор құжатында салық бойынша қарыз 1083,20 теңге екені жазылған.  

Фото: Құжаттан скриншот

Ұйымның қазіргі жалпы қарыз көлемі 190 мың 645 теңге екен. 

Фото: Құжаттан скриншот

Қайырымдылық қорына қатысты қылмыстық іс

Тағы бір айта кететін дерек, 2023 жылы "Biz Birgemiz Qazaqstan" қоғамдық қайырымдылық қорына қатысты 2 қылмыстық іс қозғалған. Сот шешімімен, "MM Group Estate" ЖШС-нің "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" ЖШС-ына қатысты материалдық көмек сомасын өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылған. 

"Biz Birgemiz Qazaqstan" қоғамдық қайырымдылық қоры "MM Group Estate" компаниясының пайдасына 14 миллион теңге көлемінде, ал 420 мың теңге мемлекеттік баж салығын төлеу бойынша сот шығындары өндірілсін", – делінген сот қаулысында.

Ал екінші қылмыстық іс бойынша талап арызды "Тукубаев" жеке кәсіпкерлігінің иесі Тукубаев Мәди Маратұлы жасаған. Сондай-ақ сот Мәди Тукубаевтың "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігіне қарсы жазған қарыз бен өсімпұлды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылған. 

"Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық қайырымдылық қорынан Мәди Маратұлының пайдасына 10 миллион теңге көлемінде қарыз, 1 миллион теңге көлемінде өсімпұл және 110 мың теңге мемлекеттік баж өндірілсін", – делінген сот хабарламасында.

Қайырымдылық қордан бөлек...

Перизат Қайрат "Biz Birgemiz" қоғамдық қорының жетекшісі қызметінен бөлек “Rebel flowers” гүл дүкендеріне иелік етеді. Гүл дүкені 2022 жылы тіркеліп, Астанадағы Talan gallery және Sensata Park нысандарында орналасқан. 

Фото: Құжаттан скрин

Kompra қазақстандық компанияның сенімділік қызметінің дерегінше, гүл дүкенінің 2022-2024 жылдар аралығындағы салық түсімдеріне зер салып көрдік. Дүкен 2022 жылы 620 мың 094 теңге, 2023 жылы 756 мың 534 теңге, 2024 жылы 3 миллион 273 мың 826 теңге салық төлеген. Көрсетілген қызмет түрлері "басқа бөлшек сауда" және "көкөністерді, олардың тұқымдары мен көшеттерін өсіру".

Сондай-ақ ерікті "Р-К" жеке кәсіпкерлігін басқарады және "Үстел теннисі федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы.

Еске сала кетсек, Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорына түскен ақшаны жымқырды деп айыпталды. Ол қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. ҚМА мәліметінше, ол биыл көктемде елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған. Сондай-ақ Астанадан премиум санатындағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендері, сонымен бірге "Vela Village" коттедж қалашығынан жалпы құны 600 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған.

Талқылау