Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың паралимпиада комитетінің басшысы қызметіне тағайындалуын сынға алды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкер Қайрат Боранбаевты соттылығына байланысты паралимпиада комитетінің президенті қызметінен алуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/kairat4

Мәжілістің жалпы отырысында Әбенов "бюджеттен ұрлық жасағаны үшін" сотталған адамның президенттің қасында қоғамдық шараларға қатысуы дұрыс емес екенін айтты. 

"Бюджеттен ұрлық жасағаны үшін сотталған адам паралимпиада спортына жетекшілік етіп, ел намысын қорғаса, қоғам қалай қарайды? Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спортты дамытуды ақша ұрлаған адамға тапсыру қаншалықты дұрыс?" – дейді депутат. 

Ал спорт министрі Мырзабосынов министрліктің Боранбаевтың жұмысына шағымы жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде паралимпиада спорты қарқынды дамып келеді және бас хатшы ресми және халықаралық іс-шараларда комитет атынан өкілдік етеді.

"Кейінгі жылдары паралимпиада комитеті даму жолында үлкен жұмыс атқарып жатыр. Басшылықтың ауысуына келсек, оны тағайындайтын нақты атқару комитеті бар. Бүгінде паралимпиада комитетінің жұмысына қатысты министрлік тарапынан түсініспеушілік жоқ. Қоғамдық ұйымның жұмысына шағым жоқ", – деді министр.

Еске салсақ, 2023 жылдың наурыз айында Астана соты Қайрат Боранбаевты квазимемлекеттік сектордан ақша жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Кейінірек екінші сатыдағы сот оның мерзімін екі жылға қысқартты. Ал 2023 жылдың қараша айында сот Боранбаевтың мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтегенін, тергеуге белсенді атсалысқанын және істеген ісіне өкінгенін ескеріп оны түрмеден босатты. 2024 жылдың маусым айында Қайрат Боранбаев Ұлттық паралимпиада комитетінің басшысы болып қайта сайланған еді. 

Талқылау