"Спортпен айналысу қауіпті деді": Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек жанарынан айырылып қала жаздағанын айтты
Пара дзюдодан Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек Ренат Ташкенбаевқа берген сұхбатында денсаулығының нашарлауына байланысты спортпен қош айтыса жаздағанын айтты. Спортшы туғаннан жанарында ақау барын жасырмады.
Фото: instagram.com/nauatbeka
Ақмарал көзінің көруі нашарлап бара жатқанын олимпиада резерв мектебінде 7-сыныпта оқып жүргенде білген.
“Дзюдошылардың көбінің көзі нашар көреді. Өйткені біз ауыр салмақтағы қарсыластарымызды көтереміз, дайындық кезінде де ауыр көтереміз. Мен 6-сыныптан бастап дзюдомен айналыса бастадым. 7-сыныптан бастап олимпиада резерв мектебіне ауыстым. Біз әр жарты жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. 7-сыныптан бастап менің көруім нашарлаған. Алғашында -2, жарты жылдан кейін 2,5, одан соң -3, осылай нашарлай берді. Осыған байланысты 9-сыныпта мені мектептен шығарып жіберді десем болады. Көруім нашарлап бара жатқандықтан олар спортпен айналысуға тыйым салды. Болған жағдайды анама айтып бердім”, – дейді спортшы.
Ақмаралдың айтуынша, ол бұл кезде жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген. Анасы екеуі қосымша тексеруден өткенде туғаннан жанарында ақау барын анықтады.
“Дәрігерлер әзірге спортпен айналысуға болатынын, алайда қандай да бір жағдайда жауапкершілік алатын адам керек екенін айтты. Анам бәрін өз жауапкершілігіне алды. Мен мектептегі оқуымды жалғастырдым. Сол кездері Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап жүрдім. Алайда дәрігерлер тағы да көруімнің нашарлап кеткенін айтты. – 9-ға дейін түсіп кетті. Дәрігерлер туғаннан көз торының жұқа екенін және оны қалыпқа келтіруге болмайтынын айтты. Зағип болып қалмас үшін ота жасаттым, бірақ жанарымды қалпына келтіре алмадым. Өмірім түбегейлі өзгерді. Денсаулығыма қауіпті болғандықтан дзюдоны тастауым керек болды. Бұған дейін -5 болса, уақыт өте көз торым жыртылып кетті. “Спортты тастасам әрі қарай немен айналысамын” деп жарты жыл ойландым. Бірақ арманымнан бас тартуға дайын болмадым. Олимпиада чемпионы атану – менің арманым еді. Бәрі спортты тастау керегін айтты. Бірақ мен олай істей алмадым”, – дейді Ақмарал Науатбек.
Спортшыдан бәрі теріс айналып, үмітін үзген кезде Ақмаралдың анасы ғана жанынан табылған. Анасының қолдауы Ақмаралдың паралимпиада ойындарының чемпионы атануына себеп болды.
“Мені анам қолдады. Тіпті туыстарым да қарсы болды. Қазақтарда ата-анасы рұқсат берсе де, туыстары қарсы болып, тыйым салуы мүмкін. “Қызыңның соқыр болып қалғанын қалайсың ба?” деп анамды жерден алып, жерге салғандар болды. Бірақ анам әр кез менің жанымнан табылды. Спорттың мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсінді және қолдау көрсетті. Мен әлі күнге дейін анама алғыс айтамын. Жеңіп алған алтын медалім – түгелдей анамның еңбегі”, – дейді паралимпиадашы.
Еске салайық, Париждегі паралимпиада ойындарында Ақмарал Науатбек финалдық бәсекеде франциялық спортшы Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдені иеленді. Ақмарал жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмарал Науатбекті жеңісімен құттықтап, жазба жариялады.