Желіде 1 қаңтардан бастап зейнетақыға 45 мың теңге қосымша төлем енгізілетіні туралы ақпарат тарады
Қазақстанда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәсілдері өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желіде таратылып жатқан бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, белгісіз біреулер желіде еңбек өтіліне қарай базалық зейнетақы орнына зейнетақыға 39 мыңнан 45 мың теңгеге дейін қосымша төлем енгізу туралы заң жобасы әзірленді деген жалған ақпарат таратып жатыр.
“ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда зейнетақы төлемдері мынадай үш құрамдас бөліктен қалыптасады деп хабарлайды: базалық, бірлескен және жинақтаушы бөлік.
Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға тағайындалады. Оның мөлшерін айқындау кезінде зейнеткерлік жасқа жеткен күнгі барлық еңбек өтілі ескеріледі. 10 жыл және одан аз өтілі үшін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ы немесе 28 215 теңге болады. Ал ең жоғары мөлшері биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-ы немесе 45 578 теңге болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуімен базалық зейнетақы мөлшері артады”, – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік сонымен қатар жасына байланысты зейнетақыны (ынтымақты зейнетақы) 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтар алатынын жеткізді.
“Оның мөлшері осы кезеңге дейінгі жұмыс өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты. Жыл сайын ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен екі пайыз озып индекстеледі.
Жинақтаушы зейнетақы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысатын адамдарға төленеді. Жинақтаушы зейнетақының мөлшері жүйеге қатысу кезеңіне және зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты. Ол неғұрлым көп жиналса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады”, – деп хосты министрлік.
Ведомство азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратқа сенуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар заңмен жазаланатынын ескертті.