Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хутор" бандасының құрбандары көп": Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің өліміне қатысты тың деректер айтылды

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтірді деген жеті адам қамауға алынды. Мәліметке сәйкес, олардың екеуі бұған дейін бұзақылық жасағаны үшін сотталып, Талғар ауданында пробациялық бақылауға алынған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселені жеке бақылауына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Қайғылы оқиға 4 қазанда болған еді. Сол күні сағат 22.00-ден кейін "Қамажай" дүкеніне екі маскүнем жігіт келген. Сатып алушылар бір бөтелке сыраны алып, оны төлеуден бас тартқан. Артынша жігіттер мен дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов арасында жанжал шыққан.

Дүкеннен шыға бергенде жігіттер Нұрымовтың ұлы Шерзат Болатты кездестірген. Ол әкесін қоорғамақ болып, құқық бұзушылардың біріне бірнеше рет соққы жасаған. Содан кейін оқиға мүлде ушыға бастаған. Пышақ және тапаншамен қаруланған 13 адам екі көлікпен дүкенге келген. Олардың арасында тіпті 1990 және 1999 жылы туған екі қыз бар. Жанжал тез арада төбелеске ұласқан.

Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев төбелесті тоқтату үшін мылтықпен аспанға екі рет оқ атқан. Алайда құқық бұзушылардың бірі оған жүгіріп жетіп, мылтықты жұлып алып, жамбас аймағына, екіншісі Шерзаттың кеуде тұсына пышақ сұққан.

Зардап шеккендер кейінірек ауруханаға жөнелтілген. Дегенмен жолда 16 жастағы жасөспірім қайтыс болған.

Мәліметке сәйкес, пышақ ұстаған жанжалдың екі қатысушысы бұған дейін Қылмыстық кодекстің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотталып, есепте тұрған.

Ата-анасының айтуынша, Шерзат пен оның ағасына шабуыл жасағандар "Хутор бандалары" тобының мүшелері болуы мүмкін.

Қазстрой ауылынан шыққан бұл ұйымдасқан қылмыстық топты талғарлықтардың өздері де жақсы біледі.

“Бұл топты Хасан, Аслан, Ержан деген үш ағайынды басқарады. Фамилиясын нақты білмеймін, бірақ бәрі біледі. Бұл жігіттердің құрбаны болғандар көп. Олардың пышақпен ұратын әдеті бар. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілін де пышақтап кетті. Содан кеден қызметкерінің басынан түтікпен (трубо) ұрған. Бұл атышулы іс", – деді атын атамауды өтінген Талғар қаласының тұрғыны. 

Талғар қаласы тұрғынының айтуынша, оның жиенін бір кездері көліктің жүк салғышына тиеп, тауға апарып тепкілеген. Алайда өлтірмепті. 

Фото: Время

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті. 

Ал Шерзаттың әкесі ұлының өліміне кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы. Ол бас прокурорға видео үндеу жасаған.

“Кісі өлтірілгеннен бері аудан басшылығы бұған енжар қарап, істі созбақтап жатыр. Баланың аты-жөнін де білмейді... Түн ортасында телефон соғып, өзімізді қорқытады, арыз жазуға мәжбүрлейді. Әділ тергеуді сұраймын", – деді марқұмның әкесі.

Бұған жауап ретінде Бас прокурор қылмысқа қатысы барлардың жазадан қашып кетуіне жол бермейтінін айтты. 

"Біз қоғамдық тәртіпсіздікті түсінеміз және отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Прокуратура бұл кісі өлтіру ісін ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлаймыз", – деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

Қылмыстық іс Қонаевқа берілді, жеті адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларға екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қыздар қылмыстың куәгері ретінде босатылды.

Фото: Время

Қайғылы оқиғаға Ішкі істер министрі Ержан Сәденов те жауап берді. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол істің өз бақылауында екенін мәлімдеді.

"Менің бірінші орынбасарымның басшылығымен Ішкі істер министрлігінің бір топ қызметкерлері тергеудің толықтығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Барлық кінәлілер лайықты жазасын алады", – деп жазды министр.

Қаза болған жігіттің отбасы бұған дейін Ішкі істер министрлігінің өкілі Марат Құрманбековтің қабылдауында болған. Ал сейсенбі, қазанның 8-і күні бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіден марқұм Шерзат Болаттың туыстары көмек сұрады.

“Отбасына тегін үш адвокат бердік. Олар Асқар Қаймақов, Карина Көшербаева, Марал Жайлаубаева. Адвокаттар құзырлы органдармен бірлесіп жәбірленушілермен сұхбат жүргізеді. Іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қақтығыс кезінде баланың әкесі мен ағасы да жараланған. "Адам өмірі бір бөтелке сыраның құнына тең" деп ойлайтындар алда не күтіп тұрғанын білуі үшін бұл істің тергеуі ашық болуы керек", – дейді Айтбек.

Талқылау