"9 миллиард теңгеге жуық салым жасаған": Астанада инвестиция арқылы ақша жинаған "Sax Invest" сайтының ұйымдастырушысы ұсталды
Астанада жұртшылық инвестиция арқылы қаражат табамыз деп қомақты ақша салған "Sax Invest" сайтының ұйымдастырушысы ұсталды. Олар қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚМА
Қаржылық мониторинг агенттігі “Sax Invest" қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша адамдар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатырғанын жеткізді.
“Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған. Бірақ уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3% - дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.
Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындауға сендіре отырып, қаражаттарын сенімгерлік басқаруға беру ұсынылған”, – деді ведомство.
"Sax Invest" ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтемесі арқылы ғана жүзеге асырылған.
“Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен. Оларды кейіннен компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан. Салымшылардың барлық ақшалай қаражаттары компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банктік картасына аударылған.
2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде компаниядағы ақша айналымы 18 млн АҚШ долларына (9 млрд теңгеге жуық) жетіп, 3 000-нан астам салымшыны құраған”, – делінген хабарламада.
"Sax Invest" қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қзір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін, 35 адам мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге сотталған.
ҚМА адам ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін Telegram ботты іске қосты.