Семейде 100 миллион теңгеге жөнделген аспалы көпірдің асфальті үш айға жетпей үгітіле бастаған
Семейде қайта жөңдеуден өткен аспалы көпірдің сапасы сын көтермейді. Жаңа төселген асфальт үш айға жетпей үгітіліп жатыр. Жергілікті тұрғындар жөңдеу жүргізген мердігер мекемені әкімдік бақыламады дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Семейліктер аспалы көпірдің сапасына наразы. Сөздерінше, әкімдік сараптамаға жіберіп, тексермеген.
“Мына әкімшілік техникалық шарт берді ме? Оны бастан-аяқ қадағалау керек. Қай жерден асфальт алып жатыр, қандай технологиямен алып жатыр? Ол технология көпірге алып келген кезде сараптамаға жіберіліп, тексерілуі керек болған. Оның бәрі істелмеген. Актіге қол қойылған”, – деді тұрғын Роллан Машпиев.
Ертістің екі бетін жалғап тұрған аспалы көпір жазда жөнделген. Оған 100 миллион теңге жұмсалған. Алайда тендерді жеңіп алған мердігердің жұмысы көпке ұнамады. Себебі жұмысшылардың шайырды шелекке салып, газ балонның күшімен ерітіп құйған видеосы әлуметтік желіде таралған. Сол сәтте тұрғындар сапасыз салынған асфальттың ұзаққа шыдамайтынын айтқан. Енді жауапты мамандар бюджеттен бөлінген 60 миллион теңгенің желге ұшқанын мойындап отыр.
Әкімдік мердігер мекемені сотқа бергенін айтады.
“Жалпыаралық акті қабылданғанда 60 миллион теңге игерілді. Соның сапасыздығына байланысты мердігер ұйымды сотқа бердік. Қазір қалада жол жөндеу бойынша келісімшартпен "Семей жолдары" жұмыс атқарып жатыр”, – деді Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерік Шағанов.