Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жас, сұлу және бай": Қазақстандықтардың жар таңдағанда неге мән беретіні анықталды

“Жастар” ғылыми орталығы неке мен ажырасуға деген көзқарас тақырыбында жас қазақстандықтар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп, нәтижесін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: freepik.com

Зерттеу "Қазақстан жастары – 2024" аналитикалық баяндамасында жарияланған. Сауалнама барысында респонденттердің басым бөлігі (78%) некесін "Азаматтық хал актілері жазбалары" ақпараттық жүйесінде тіркеу керегін айтқан. Ал азаматтық некеге  жастардың 15%-ы ғана келіскен.

Жастар өмірлік серігін таңдауда жиі назар аударатын негізгі талаптардың бірі – жас ерекшелігі. Бұған сауалнамаға қатысушылардың 53,9%-ы дауыс берген. Ал сырт келбетіне қарайтындар – 45,4%, ұлтына маңыз беретіндер 39,4% болған. 

Бір қызығы, сауалнамаға қатысқандардың тек 21,7%-ы болашақ күйеуінің/әйелінің жынысын, ата-анасының әлеуметтік жағдайы (14,9%) мен мансабын (17%) маңызды деп қараған. 

Бір-біріне деген сүйіспеншілікке сауалнамаға қатысушылардың 0,7%-ы ғана дауыс берген. Ал адамгершілік құндылықтар 0,2%, тәрбие 0,3%, мейірімділік 0,2% және білім 0,1% болған. Бұл факторлар қазақстандықтар үшін аса маңызды емес екен.

Сауалнамаға қатысқан әйелдер үшін жолдасының жасынан бөлек, қаржылай әл-ауқаты да маңызды болған. Бұл талаптарға  әйелдердің 30,6 пайызы дауыс берген. Ал сауалнамаға қатысушылардың көбі "мансап" (22,9%) және "отбасы" (18,7%) факторларын ерекше атап өтіпті. 

Жігіттер сұлулық пен жас ерекшелігінен басқа, болашақ әйелінің ата-анасының, лайықты әлеуметтік мәртебеге ие болуын маңызды (17,1%) деп қарайды екен. Оның үстіне ер респонденттер арасында болашақ жұбайының тегіне аса маңыз беретіндер үлесі 24,6% болған. Ал қыздар арасында бұл үлес тек 18,7% болды. 

Сауалнамаға қатысушылардың 1%-дан азы маңызды деп санаған махаббатқа және басқа да ұсақ-түйекке деген көзқарасын төмендегі инфографикадан көруге болады.

Фото: ranking.kz

Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, кейінгі 10 жылда елімізде некеге тұру көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда некелердің орташа саны төмендеп келеді. Егер 2013 жылы бұл көрсеткіш 9,9 болса, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында небәрі 5,7 болған. Мамандар құлдыраудың басты себебі демографиялық жағдай деп есептейді. Қазір 1995–2000 жылы туған азаматтар үйленіп жатыр. Осы жылдарда дүниеге келген жастардың отбасына деген көзқарасы мен некеге тұру жасы әртүрлі. 

Статистика кейінгі 20 жылда некеге тұрудың орташа жасы өскенін растайды. 2003 жылы қазақ ерлерінің некеге тұру жасы 26,7 жас болса, 2023 жылы 27,8 жас болған. Қыздар – 2003 жылы 23,9 жаста некеге тұрса, қазір 25,2 жаста отбасын құрады екен. Сәйкесінше, бірінші сәбидің дүниеге келуінің орташа жасы өсті. Қазір адамдар орта есеппен 25 жасында алғаш рет ана атанады.

Инфографика: ranking.kz

Енді жастардың ажырасуға қандай факторлар итермелеуі мүмкін деген жауаптарына назар аударайық. Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі "екінші жартысының" көзіне шөп салғанын кешіре алмайды екен. Сауалнамаға қатысқандардың 61 пайызы осылай деп дауыс берген. Екінші орында ажырасуға физикалық зорлық-зомбылық (51%), үшінші орында ерлі-зайыптылардың біреуінің алкогольге немесе есірткіге (48%) үйір болуы себеп болған. 

Фото: ranking.kz

Кейінгі 20 жылдағы ажырасу статистикасы неке санының көрсеткішімен сәйкес келеді. "Азаматтық хал актілері жазбалары" мәліметінше, 2013–2018 жылдары ажырасулар көп болған. Ол кезде жылына 51 мыңнан астам адам ажырасқан. 

2023 жылы некені бұзу туралы өтініштер саны 40,2 мыңға дейін төмендеген. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ажырасушылар саны айтарлықтай өсіпті. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда некесін бұзғысы келетіндердің саны биыл 2,3 есе өсті.

Қоғамдық даму институты сарапшыларының мәліметінше, ер адамның әйелі мен балаларына қатысты зорлық-зомбылық көрсетуі, көзге шөп салу мен алкогольге тәуелділігі ажырасудың негізгі факторлары ретінде танылған. Сарапшылар сауалнама негізінде осындай қорытынды жасады.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, осы жалпы факторлардан басқа, ажырасудың көптеген басқа себептері анықталды.

Мысалы, респонденттердің 24%-ы ажырасудың себебін махаббат пен өзара түсіністіктің болмауы, ата-анасының жұптарының жеке өміріне араласуы (10,4%), балаларының болмауы (11%), ата-анасымен немесе басқа туыстарымен бірге тұру (5,6%), некеде жалғыз қыз туылуы (2,7%).

Респонденттердің 14%-дан астамы ажырасуды ешнәрсе ақтай алмайтынын айтты. 

Фото: ranking.kz

Талқылау