"Нан табу үшін темір саттым": Елдос Сметов балалық шағын есіне алды
Париж Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов бала күнінде тұрмыс тауқыметін тартқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Спортшы нан табу үшін кез келген жұмысты істеген көрінеді. “Түнгі студия” бағдарламасында қонақ болып, балалық шағын есіне алды.
“Біздің бала кезіміз қиын кезеңге тап келді. Көшеден темір жинап өткізетінбіз. Ата-анамыз жұмысқа кеткенде кейбір кезде үйде нан болмай қалып қарнымыз ашатын. Кейде ашпыз, кейде тоқпыз. 1998-99 жылдары сондай қиын кезең еді. Қазіргі таңда Аллаға шүкір әрқайсымыздың отбасымызда нанымыз бүтін. Дастарханымызда түк жоқ деген күннің өзінде нан, шай, кәмпитіміз тұрады", – деді дзюдошы.
Сондай-ақ, анасы нан табу үшін біреудің үйін тазалағанын да айтып берді.
Мен ата-анамның біз үшін қалай еңбек еткенін көрдім. Оның бәрі есімде. Ауылда тұрдық, әкем қалаға кетіп, құрылыста жұмыс істеді. Анам үйде отырды. Бір тостақ ұн үшін біреудің үйін тазалаған сәттері болды. Оны өз көзіммен көріп өстім. "Мама, қарным ашты, нан жегім келіп тұр" деген кезде анам балаларының бәрін құшақтап жылайтын. Мұның бәрі кеше болғандай көз алдымда тұр. Оны ұмытып кетсем, баршылыққа, атақ-абыройға мастанып кетсем ол менің надандығым болады деп ойлаймын. Бұл бір жағынан ата-анама жақсы өмір сыйлауға, жетістікке қол жеткізуіме, тоқтамай еңбек етуіме мотивация болды", – деді спортшы.
Еске салайық, Бибігүл Дәулетбекқызы Елдос Сметовтің діни әңгімелеріне қарсы шыққанын жазған едік.