Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ажырасу санын азайту үшін қолдау орталықтары құрылды: Қазақстанда отбасын нығайту үшін қандай шаралар жүзеге асты

Қазақстанда отбасын ресурстық қолдау мақсатында құрылған орталықтар жүзеге асырылып жатыр. Аталмыш жоба аясында ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптыларға отбасын сақтап қалу үшін мүмкіндік беріліп, психологиялық және заңгерлік консультация жүргізіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі Stan.kz тілшісіне мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарды нығайту үшін қандай шаралар жүзеге асқанын айтып берді.

Фото: pixabay.com

Отбасы институтын сақтау және нығайту бойынша жол картасы

Дәстүрлі адамгершілік құндылықтарды ілгерілету және отбасы мен ерлі-зайыптылықтың оң бет-бейнесін дәріптеу үшін жыл сайын "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы өткізіледі. Байқау бойынша, 10 жыл ішінде байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңға жуық отбасы бақ сынады.

Министрліктің мәліметінше, биыл өңірлік кезеңде 3 369 өтінім қабылданды. Өтінімдердің ең көбі Қарағанды облысында – 534, Жетісу облысында  – 415, Астана қаласында – 238 және Алматы қаласында – 235  өтінім қабылданды. Ең аз саны Ұлытау облысында – 30, Атырау облысында – 43, ал Маңғыстау облысында – 46 өтінім тіркелген. 

Елімізде осындай отбасылық байқауға қатысып, үлігілі отбасы атанған әулеттер көп. Олардың бірі – Дарын мен Гаухардың отбасы. Гаухар Кішібаева мен Дарын Сәдуақас елордада өткен “Үздік жас отбасы” байқауының жеңімпаздары. Гаухар байқау туралы әлеуметтік желіден білген. 

“Үздік жас отбасы” байқауы туралы Instagram желісінен білдік. Негізі бұл байқауға біз қатарынан 3 рет қатыстық. Бірақ биыл ғана бағымыз жанып, жеңімпаз атандық. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – іріктеу кезеңі. Екіншісі – финал. Бірінші кезеңде әділ қазылар алқасы 10 үздік отбасыны таңдап алды. Финалға өткен 10 отбасы да үздік болуға әбден лайық. Мүмкін кей отбасының дайындығы аз болып қалған болар. Бірақ барлық қатысушыларды отбасылық құндылықтарды сақтайтын, үлгілі әулет деп айта аламын”, – дейді үйдің отанасы Гаухар.

Оның айтуынша, отабасындағы татулық пен бір-біріне деген қолдау байқаудың жеңімпазы атануға көмектескен.

“Біздің отбасылық байқауға қатысудағы мақсатымыз – балаларымызға сахна мәдениетін көрсету. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Кішкентайынан сахнаға шығып, алдағы уақытта қорқыныш болмағанын қаладық. Балалардың өнерге жақын болғанын, сайыс, байқаулардан қалыс қалмағанын қалаймын. Біздің отау құрғанымызға биыл 5 жыл болды. Демалыс күндерін балаларға арнаймыз. Өйткені басқа күндері қолымыз босай бермейді. Саябақтарға барамыз, кино көруге, мұражайға жиі шығамыз”, – дейді Гаухар Кішібаева.

Үйдің отанасы отбасылық мерекелерді де қадырмай атап өтетіндерін айтты.

“Негізі Наурыз бен Жаңа жылды отбасы болып атап өтеміз. Наурызда наурыз көже жасап, Жаңа жылда мерекелік дастархан жайып ата-аналарымызбен тойлаймыз. Сол себепті біз үшін ерекше. Сондай-ақ балалар кішкентай болғандықтан туған күндерін асыға күтеді. Әкесі екеуіміз балалардың туған күндерін ерекше етіп ұйымдастырып, оларға мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысамыз”, – дейді Гаухар. 

Жас отбасы отбасылық құндылықтың бала тәрбиесіндегі маңызы туралы да айтып өтті.

“Біз үшін отбасылық құндылық – бір-бірімізге деген сүйіспеншілік, қамқорлық, сыйластық. Бала тәрбиелеуден бұрын біз әуелі өзімізді тәрбиелеу керегін түсіндік. Күйеуіміз екеуіміз қарым-қатынасымызды ретеу арқылы балаларымызға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз. Бір-бірімізге сыйластық көрсетсек балалар да сыйлап, құрмет көрсету керек екенін көріп, түсінеді. Сондай-ақ мінсіз адам болмайтынын түсіну қажеті. Біз бір-бірімізді бар болмысымызбен, кемшіліктерімізбен қабылдадық”, – деп ағынан жарылды отанасы.

Дарын мен Гаухардың үйінде отбасы мүшелері ұстану керек бірнеше қағида бар.

“Отбасы болған соң түрлі жағдай болады. Біріншіден, біз балалардың алдында ешқашан бір-бірімізге дауыс көтермейміз, кемсітетін сөздер айтпаймыз. Балалардың алдында әке мен шешенің беделі жоғары болу керек. Тіпті ренжіп тұрсақ та оны балаларға көрсетпеуге тырысамыз. Екіншіден, біз кешкі аста міндетті түрде әкемізді жұмыстан күтіп алып, бәріміз бас қосып, тамақтанамыз. Кешкі ас кезінде әңгімелесеміз, күніміздің қалай өткенін талқылаймыз. Себебі таңғы аста немесе түскі ас кезінде дастархан басында жиі бас қоса алмаймыз”, – дейді Гаухар Кішібаева.

Биыл 16 маусымда Қазақстанда кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар заңды күшіне енді.

“Заңдарды іске асыру үшін министрлік Отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіруді және әдістемелік басшылықты қамтамасыз ететін ОҚО қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. ОҚО мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асырады, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді. Бүгінгі таңда олардың саны 40, 2025 жылға дейін біз олардың санын 172-ге дейін арттыратын боламыз”, – деп мәлімдеді ведомство.

Отбасы құндылықтарын сақтау мақсатында 2023 жылы "Әкелер күні" – маусымның әр үшінші жексенбісі, "Аналар күні" мамырдың әр екінші жексенбісі болып бекітілген еді. Соған сәйкес биыл қазақстандықтар аналар күні алғаш рет атап өтті.

“Әкелер күнін мерекелеу аясында 580 мың адамды қамти отырып, 5 мың іс-шара өткізілді, БАҚ-та 2 172 материал, 5 мың тақырыптық пост орналастырылды, Instagram-ның 130 мыңнан астам пайдаланушысы "Менің әкем – жақсы адам!" жазбасын қалдырды, 415 тақырыптық билбордтар (lightbox, LED экраны) ілінді. Аналар күні аясында 10 мың адамды қамтитын 2 мыңнан астам іс-шара өткізілді, БАҚ-та 280 материал, 241 тақырыптық пост жарияланды”, – деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ведомствоның мәліметінше, 2023-2025 жылдарға арналған ұзақ мерзімді грантты іске асыру шеңберінде отбасылық соттар жанынан "Бақытты отбасы" отбасын ресурстық қолдау орталықтары құрылып жатыр. Бұл елімізде ажырасу санын азайту мақсатында іске асып жатқанын атап өтті.

“Бұл жобаның негізгі мақсаты – психологиялық, заңгерлік консультациялық және өзге де көмек алуда ажырасуға бастама білдірген ерлі-зайыптыларға мүмкіндік беру арқылы отбасы институтын нығайту, татуласу құралдарын белсенді қолдану арқылы некені бұзу санын азайту. 2023 жылы ажырасқалы жүрген ерлі-зайыптыларға 2500-ден астам консультациялар өткізілді. Онда психологтар, заңгерлер мен судьялар ажырасудың салдарын түсіндіріп тараптарды татуластыру жұмыстарын жүргізді”, – делінген хабарламада.

Атап айтқанда:

  • “Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу";
  • "Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар кешені арқылы жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту";
  • "Жастардың репродуктивті денсаулығының алдын алу және қолдау мәдениетін жүргізу";
  • "Мүмкіндігі шектеулі балалы отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау" атты гранттық жобалар да бар.

Сондай-ақ министрлік отбасын саналы түрде құруды дамыту мақсатында БҰҰ-ның халық саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп некені тіркеуге өтініш білдірген азаматтарға отбасын және отбасылық психологияны жоспарлау, репродуктивті денсаулық, отбасылық бюджетті жоспарлау және  басқа да маңызды мәселелер бойынша некеге дейінгі өтеусіз кеңес беру және оқыту жөніндегі жобаны іске қосты. 

2023 жылы жаттықтырушыларға арналған нұсқаулық әзірленді, 2024 жылдың наурыз айында Шымкент және Астана қалаларында пилоттық режимде тренингтер өткізілді. Тренингтерді отбасын қолдау орталықтарының мамандары үшін де өткізу жоспарланып отыр.

  • Тренинг бағдарламасы серіктестік және жауапкершілік;
  • Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық;
  • Құқықтық сауаттылық;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік;
  • Қаржылық сауаттылық;
  • Эмоционалды интеллект және отбасы ішіндегі қарым-қатынас дағдылары тақырыптық блоктардан тұрады. 

Ведомство жыл сайын отбасылық және гендерлік саясаттың өзекті мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізілетінін атап өтті.

“Отбасылық саясатты іске асыруды ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу үшін қазақстандық қоғамдық даму институтының құрылымында отбасы институтын және гендерлік саясатты зерделеу орталығы жұмыс істейді.
Ағымдағы жылы Орталық "Қазақстандық отбасылар" атты кезекті Ұлттық баяндама дайындайтын болады. "Қазақстандағы отбасылық демалыстың ерекшеліктері", "Қазақстандық отбасылардағы ұрпақтар арасындағы өзара іс-қимылдың ерекшеліктері" атты әлеуметтік зерттеулер жоспарланған”, – делінген хабарламада.

Талқылау