Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранның Ресейге зымыран тасымалдауы, Полтава қаласына шабуыл, Қырғызстанға кірудің жаңа ережелері: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Ресей әскерилері Украинаның Харьков облысына және Полтава қаласына соққы берді. Жасалған соққы салдарынан ғимараттар қирап, адамдар үйінді астында қалған. Бұл қақтығыстар аясында Иранның Ресейге тағы баллистикалық зымыран беретіні белгілі болды. Көршілес Қырғызстан Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь азаматтарына ел аумағында визасыз жүру талаптарын қатаңдатты. Осы апта қандай жаңалықтармен есте қалды? Stan.kz тілшісі әлем жаңалықтарына шолу ұсынады.

Ресей Харьков облысына зымыранмен шабуылдады

Ресей әскері жексенбі күні Харьковке баллистикалық зымыранмен шабуыл жасады. Салдарынан Харьков спорт сарайы мен сауда орталығы қирап, 47 адам зардап шекті. Олардың жетеуі бала.

Харьков өңірінің басшылығы бірнеше жарылыс дыбысы естілгенін, қаланың инфрақұрылымына зақым келгенін хабарлады. Харьков облыстық әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, зымырандар Харьков спорт сарайында, Салтовский ауданындағы сауда орталығында, сондай-ақ қалалық Гидропарк маңында жарылған.

Фото: Харьков прокуратурасы

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ресей Харьковке "Искандер-М", сондай-ақ С-300/400 зымырандарымен шабуыл жасаған.

"Прокурорлар мен полиция тергеушілері Харьков қаласының Салтовский ауданындағы сауда орталығына екі "Искандер-М" баллистикалық зымыранын атқанын анықтады. Немышлян ауданындағы спорт сарайының ғимаратына келетін болсақ, үш "Искандер-М" зымыранының тікелей атылғаны, сонымен қатар көрші аумаққа С-300/400 зымырандарының тағы үш соққысы тіркелді", – делінген хабарламада.

Ресей қорғаныс министрлігі Харьковке жасалған шабуыл туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

51 адам қаза тапқан: Украинаның Полтава қаласына соққы жасалды

Фото: slovoidilo.ua

Ресей әскерилері сейсенбі күні Полтава Украина қарулы күштерінің оқу-жаттығу орталығына зымыранмен шабуыл жасады. Украина бас прокуратурасының мәліметінше, 51 адам қаза тауып, 270-тен астамы жараланған. Украина қорғаныс министрлігі соққының екі баллистикалық зымыранмен жасалғанын мәлімдеді.

"Білім беру мекемесі мен көршілес аурухананың аумағына зымыранмен соққы жасалды. Байланыс институтының бір ғимараты жартылай қираған. Адамдар үйінді астында қалды. Көпшілігі құтқарылды. 180-нен астам адам жарақат алды. Өкінішке орай, қаза тапқандар көп", – деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.

Ресей қорғаныс министрлігі соққы туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Ресейлік әскери телеграм арналары шабуыл Сигнал корпусының 179-шы оқу орталығына жасалғанын хабарлады.

"Мен болған оқиғаның барлық мән-жайын толық және жедел тергеуді тапсырдым", – деді Зеленский.

Иран Ресейге баллистикалық зымырандарын бермек

Фото: Getty Images

Иран өзінің баллистикалық зымырандарын Ресейге беруге дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Bloomberg өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлаған.

2,5 жылға созылған кең ауқымды соғыс кезінде Иран Ресейге жүздеген пилотсыз ұшақ берген. 

Қазіргі уақытта Ресейдің баллистикалық зымыран арсеналында отандық қарулар мен Солтүстік Кореяның қарулары бар. Бұл арада АҚШ пен НАТО-ның басқа одақтастары Теһранды мұндай қадамға қарсы бірнеше рет ескертіп, оның алдын алу үшін дипломатиялық күш салуда.

Иран осыған дейін де Ресейге қаруларын тасымалдаған. Осыған дейін Иран 300-ден 700 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысаналарды ата алатын 400-ге жуық зымырандарын бермекші деп жазды.

Сонымен бірге, Америка Құрама Штаттары бұл қарудың берілгені туралы ешқандай дәлел көрмегенін мәлімдеді және Иранда бұл туралы мәлімдемелерді "негізсіз" деп атады және Ресейге баллистикалық зымыран жібергенін жоққа шығарды. Бұл ақпаратты Бас барлау басқармасы да жоққа шығарған.

Иран Ресей мен Украина соғысында кімге жақтасты?

Украинаның бас прокуратурасы Украина прокурорлары мен тергеушілері ирандық шенеуніктердің, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың Ресейге пилотсыз ұшақтарды өндіру мен жеткізуге қатысы бар екенін мәлімдеді.

Алдымен Иран ресейлік әскерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етті деген айыптауларды ресми түрде жоққа шығарды. Бірақ 2022 жылдың қарашасында Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амирабдоллахианолар Ресейге пилотсыз ұшақтар жеткізгенін мойындады. Бұл Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғанға дейін болған.

Артынша украиналық тергеушілер Ресей Украинаға Иранның мемлекеттік ұшақ жасаушы Iran Aircraft Manufacturing Industrial Company компаниясы өндірген ұшақтармен шабуыл жасағаны ресми түрде растады.

Қырғызстан шетел азаматтарына жаңа талаптар енгізді

Фото: limon.kg

Қырғызстанда 5 қыркүйектен бастап ел аумағына жеке себептермен келген шетел азаматтары 60 күнге дейін ғана визасыз қала алады. 60 күннен асқандар арнайы рұқсат алуы шарт.

Жаңа талаптар Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь, Грузия, Әзірбайжан және Молдова сияқты визасыз режимі бар елдердің азаматтарына қатысты.

ЕАЭО елдерінің азаматтары әрбір 180 күндік кезеңде Қырғыз Республикасында 90 күнге дейін тіркеусіз бола алады. Тәжікстан, Грузия, Әзірбайжан және Молдова азаматтары үшін бұл мерзім 120 күндік мерзім ішінде 60 күнді құрайды.

Көрсетілген мерзімдерден тыс болу үшін уақытша тұруға ықтиярхат немесе республикада болу құқығын беретін өзге де құжат қажет.

Уақытша тұруға ықтиярхат 15 жұмыс күні ішінде беріледі, ол бір жылға жарамды. Азаматтар міндетті тіркеуден босатылу талаптары болмаса, кіргеннен кейін бес жұмыс күні ішінде тіркелуі керек. Ресей, Қазақстан, Беларусь және Армения азаматтары үшін бұл мерзім – 30 күн, Әзірбайжан – 15 күн, Тәжікстан – 60 күн, Грузия – 90 күн.

Уақытша тұруға рұқсатты ресімдеу және консультациялар Қырғыз Республикасының цифрлық даму министрлігіне қарасты халықты тіркеу департаментінің кез келген аумақтық бөлімшесінде жүзеге асырылады.

Талқылау