Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұстанымымызға сәйкес келмейтін нарықта жұмыс істемейміз": Павел Дуров өзінің не себепті қамауға алынғанын түсіндірді

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Франциядағы әуежайда ұсталған соң алғаш рет желідегі арнасында жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Павел Дуровтың Instagram парақшасынан

Кәсіпкер өзіне қолдау көрсетіп, демеу болған адамдарға алғысын білдірді. Ол өткен айда Парижге келген соң полиция 4 күн жауап алғанын айтты. Француз билігі Telegram-нан жауап ала алмағандықтан, басқа адамдардың Telegram-ды заңсыз пайдаланғаны үшін Павел Дуровты жауапқа тартылуы мүмкін екенін жеткізген. Бұл жағдай кәсіпкерді таңғалдырды.

“Біріншіден, Telegram-тың Еуро Одақта сұрауларын қабылдап, жауап беретін ресми өкілі бар. Оның электронды поштасы барлық адамға қолжетімді. Француз билігі менімен хабарласып, көмек сұрауына болатын еді. Өйткені мен Франция азаматы ретінде Францияның Дубайдағы консулдығына жиі барамын. Бұған дейін олар менен көмек сұрағанда мен оларға Франциядағы лаңкестікпен күресу үшін Telegram-да сенім телефонын жасауға көмектестім”, – деп жазды Павел Дуров.

Кәсіпкердің айтуынша, егер мемлекет интернет-сервистің қызметіне көңілі толмаса, сервиске қарсы іс қозғауға құқылы. Басқа адамдардың жасаған қылмыстары үшін бас редакторды айыптау дұрыс емес екенін атап өтті.

“Технологияның өзін жасау өте қиын. Ешбір новатор, өзі жасаған құралдарды басқалар теріс мақсатта пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын білсе, оны жасамайды. Құпиялылық пен қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай шаруа емес. Құпиялық туралы заңдарды құқық қорғау талаптарымен, ал жергілікті заңдарды ЕО заңдарымен сәйкестендіру қажет”, – дейді кәсіпкер.

Ол барлық елде құпиялық пен қауіпсіздіктің дұрыс теңгерімін орнату мүмкін емес екенін айтты. Келісімге келе алмаған жағдайда Telegram ол елде жұмыс істемейді. 

“Мұндай жағдайлар көп болды. Ресей бақылауды іске қосу үшін "шифрлау кілттерін" беруді талап еткенде, біз бас тарттық. Осылайша, Telegram Ресейде тыйым салынды. Иран бізден бейбіт наразылық білдірушілердің арналарын жабуды талап еткенде де келісім орнатпадық. Иранда да Telegram істемейді. Біз принципімізге сәйкес келмейтін нарықта жұмыс істемейміз. Өйткені біздің көздегеніміз ақша емес. Біздің мақсатымыз –  жақсылық жасау және адамдардың негізгі құқығын қорғау.

Павел Дуров Telegram-да кемшіліктер барын және оларды түзету үшін команда жұмыс істейтінін атап өтті. 

“Тамыздағы оқиғалар Telegram-ды және бүкіл әлеуметтік медиа индустрияны қауіпсіз және күшті етеді деп үміттенемін. Қолдауларыңыз бен махаббатыңыз үшін рахмет”, – деп жазды кәсіпкер.

Еске салсақ, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған. 28 тамыз күні Дуров сот шешімімен қамаудан босатылды. Сондай-ақ Франция президенті Павел Дуровтың ісіне қатысты пікір білдірген және оның ұсталғаннан кейін Парижде серуендеп жүрген суреттері тараған еді.

Талқылау