Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артыңыздан жібереміз деді": Қазақстандық жолаушы Алматы әуежайында қалып кеткен мысығын көшеге лақтырған қызметкердің әрекетіне шағымданды

Алматы әуежайының қызметкерлері жолаушы қыздың бірнеше күн бойы іздеген мысығын көшеге лақтырып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Instagram желісінен 

Оқиға туралы қыз Instagram парақшасында жазды. Айтуынша 21 тамызда Томас есімді мысығын алып ұшпақ болған. Алайда оны арнайы тасымалдау кезінде мысық қашып кетіп, жуынатын бөлмедегі қол жетпейтін жерге тығылып қалған. 

Ата-анасы осы уақытта әуежайға келіп, рейс уақыты жақындағандықтан қыз әуежай қызметкерлеріне байланыс номерін қалдырып, мысығын қызметкерлерге тапсырып кеткен.

"Сол күні бұған жауапты адамдар “қажет нәрсенің бәрін жасаймыз, аламыз, табамыз, артыңыздан жібереміз, үйіңізге бара беріңіз” деді. Мысықтың нақты қай жерде екені белгілі болғандықтан еш қиындық тумайтынына үміттендік. Бірақ үш күн өтті ешқандай жаңалық болмады. Мысық табылмады. Осы оқиғадан соң еріктілерге жаза бастадым. Мен үшін кез келген ақпарат маңызды болды. Кенеттен ұшып бара жатқан адамдар оны естіп, көрген болар деп ойладым", – деді алматылық.



Қыздың айтуынша, мысықтың дауысы төбеден естілген. Өтіп бара жатқан адамдар қызметкерлерді шақырып, мысықтың үй жануары екенін, жоғалып кеткенін және иелерін іздеу керек екенін айтқан. Алайда кейін белгілі болғандай, әуежай қызметкері оны шығарып алып, сыртқа лақтырып жіберген. 

Қазір мысықты иелері мен еріктілер іздеп жатыр. Алайда әзірге жаңалық жоқ.

"Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Бірақ дәл осы әрекет – мысықтың қайдан келгенін, иесінің кім екенін нақтыламай, көшеге лақтырып тастау мүлдем адамгершілікке жатпайды", – деп жазды бойжеткен.

 

Талқылау