"Қыста жеткізу қиындайды": Қазақстандықтарға көмірді күн суығанша сатып алуға кеңес берілді
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ел тұрғындарына көмірді күн суығанша алып үлгермесе, жеткізілімде үзіліс болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың сөзінше, көмір бағасы тұрғындар үшін 8-26 мың теңге аралығында. Көмір шахталарына жақын орналасқан елді мекен тұрғындары көмірді арзан бағамен сатып ала алады. Ал шалғай аудандарда, әсіресе теміржол қатынасы жоқ жерлерде жеткізу және дизель отынының құны сияқты қосымша шығындарға байланысты көмір бағасы жоғары.
"Бүгінде негізгі жеткізушілерде 7,1 мың теңгеден 9 мың теңгеге дейін болса: "Шұбаркөл көмір" бағасы – 8 мың теңге (өткен жылмен салыстырғанда 900 теңгеге қымбаттағаны байқалады), "Қаражыра" бағасы – 8,7 мың теңге (өсім – 200 теңге), "Майкөбен-Вест" бағасы – 7 мың 750 теңге (650 теңгеге өсім бар), "Шұбаркөл премиум" бағасы – 9 мың теңге (бағасы өзгеріссіз)", - деді ол.
Жолмағамбетовтың сөзінше, министрлік жергілікті атқарушы органдармен, ҚТЖ және көмір өндіруші кәсіпорындармен бірлесіп, өңірлерге көмір жеткізілуін бақылайды.
"Біз әкімдіктерден белгіленген бағаның сақталуын қамтамасыз ету үшін көмір бағасын жергілікті деңгейде бақылауды сұраймыз", – деді Жолмағамбетов.
Сондай-ақ ол көмір тапшылығы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ тұрғындар күн суығанша көмір сатып алмаса, жеткізудің үзілуі мүмкін екенін ескертті.
"Көмір бар. Біз көмір өндіру және барлау бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарындамыз. Жергілікті әкімдіктер дайын. "Кейін сатып аламын" дейтін тұрғындарға жеткізу қиынға соғуы мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, бір тұйық жол жүзден аспайтын көлікке қызмет ете алады. Егер бәрі суықты күтіп, сұраныс 500 көлікке дейін өссе, аймақтық оператор оған жай ғана қызмет көрсете алмайды", – деді ол.
Министрлік тұрғындарды суық ауа райын күтпей, көмірді алдын ала сатып алуға шақырды.