Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түлектер ҰБТ ұпайы жетпеген жағдайда оқу орнынан қалай грант ала алады

Қазақстандық талапкерлер Ұлттық бірыңғай тесттен қажет балл жинай алмаған жағдайда ректорлық гранттың барын естен шығармағаны дұрыс. Ректорлық грант – университет ректоры оқу және ғылыми жетістіктер үшін табыстайтын тегін оқуға мүмкіндік. Stan.kz тілшісі еліміздегі ірі университеттердегі ректорлық гранттар және оған ие болудың алғышарттары туралы материал дайындады. 

Фото: instagram.com/atu_media/2gis/satbayev_university/Sdukz

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті

Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде 11-сыныпты бітірген талапкерлер, "Алтын белгі" немесе "Үздік аттестат" ерекше үлгісін алғандар, халықаралық және республикалық олимпиадалар, ғылыми жарыстар, байқау жеңімпаздары, сондай-ақ ҰБТ-да жоғары балл жинағандар білім грантын ала алады. Университет гранты жоғары оқу орнындағы оқу құнын толығымен өтейді. Университет грантына үміткерлерден өтініштерді арнайы комиссия қарастырады. 2023 жылы университет комиссиясы оқу мен зерттеу қызметінде ерекше жетістіктерге жеткен абитуриенттерге 54 грант бөлді.

2024 жылғы 16-17 мамырда Satbayev University-де "сурет" және "сызу" шығармашылық пәндер кешені бойынша бітіруші сынып оқушыларына арналған олимпиада өтті. Бұл олимпиада Satbayev University-де жыл сайын өткізіледі. 

Олимпиаданың барлық қатысушысы сертификаттармен марапатталады және "Сәулет" кафедрасының білім беру бағдарламаларына университетке түсуге басым құқық алады. Satbayev University-де шығармашылық емтихандарды тапсыру кезінде барлық сертификат иегерлері қорытынды бағаға қосымша 2-3 балл алады. Олимпиада жеңімпаздары ақылы оқуға түскен жағдайда ректорлық оқу грантына ие болады.

Нархоз университеті

Нархоз университетінде жыл сайын "Верный Капитал" компаниялар тобынан төрт жылға тегін оқытуға 50 грант және "Болашақ бизнес-көшбасшылар" стипендиялық бағдарламасы шеңберінде Б.Ж.Өтемұратовтан 5 атаулы грант беріледі. Олар тегін оқытудан басқа жоғары шәкіртақы мен академиялық ұтқырлыққа арналған шығындарды қамтиды.

Сонымен қатар университетте 2 және 4-курс студенттері үшін ішкі гранттар қарастырылған. Ішкі тегін оқу грантына ие болу үшін GPA (3.8) жоғары деңгейде болуы керек. Сондай-ақ студентте академиялық қарыз болмауы қажет.

Ал келесі санаттар үшін әлеуметтік жеңілдіктер бар:

  • 23 жасқа толмаған жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 50%;
  • I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар – 50%;
  • I, II, III топтағы мүгедектігі бар ата-анасының болуы – 30%.

Бұл әлеуметтік бастама университетке талантты студенттерді тарту және жаһандық білім беру стратегиясын қолдауға бағытталған. Оның сапасы халықаралық аккредитациялармен және рейтингтермен расталған.

Алматы менеджмент университеті

Алматы менеджмент университетінде ректорлық гранттар қарастырылған. Ол үшін қажет құжаттарды жинайды. Құжаттар туралы қабылдау комиссиясындағы мамандардан кеңес алуға болады. Комиссия екі мәрте, шілде мен тамыз айларында өткізіледі. Талапкерлерге грант комиссия қорытындысы бойынша беріледі. 

Жоғарғы оқу орны берген ақпаратқа сәйкес, университетте жыл сайын республикалық олимпиада өтеді. Жалпы саны 46 грант бөлінеді. "Мега шанс" республикалық олимпиадасының биылғы қорытындысы бойынша, 14 талапкер 3 жылдық оқу жылына 25 пайыздық жеңілдікке, тағы 14 талапкер 50 пайыздық жеңілдікке ие болды. 18 талапкер 3 жыл 100% жеңілдікпен университетте тегін білім алады. Университетте оқу мерзімі 3 жылға созылады. 

Алматы менеджмент университетінде ішкі Олимпиададан бөлек, әлеуметтік осал топтарға да жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, көпбалалы отбасы, асыраушысынан айырылған отбасы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 20% жеңілдік берілсе, жетім балалар 100% жеңілдікпен тегін білім алады. Сондай-ақ егер бір отбасының екі баласы Алматы менеджмент университетінде оқыса, оларға да жеңілдік беріледі. 

Аталмыш жеңілдіктерден айырылып қалмас үшін студенттердің оқу үлгерімі жақсы болуы керек. Грант иегерлеріне JPA 3,25-тен түспеу керек деген талап қойылады. Сондай-ақ білімгер қорытынды емтихандардан 80 балдан төмен алмау керек. Егер студенттің оқу үлгерімі нашарлап кетсе, ол гранттан айырылып, ақылы бөлімге көшеді немесе университет серіктерстерінің шәкіртақысына іліне алады. Бұдан бөлек Алматы менеджмент университетінде "Алтын тамға" студенттік премиясы бар. Аталмыш премия студенттердің оқу үлгеріміне, зерттеулік жұмыстарына және оқу орнындағы іс-шараларға белсенділік танытуына байланысты беріледі. Кез келген студент, тіпті университет түлектері болған магистранттар "Жыл спортшысы", "Жыл кәсіпкері", "Жыл белсендісі", "Жыл студенті" секілді номинацияларды ұтып алса, тегін білім алуына мүмкіндік бар.

Ақылы бөлімде оқитын студенттердің JPA көрсеткіші жоғары болса, оларға 20%-дық жеңілдік беріледі. Университет мемлекеттік білім грантын беру жөніндегі конкурсқа қатысатындықтан, егер бос гранттар болған жағдайда ол үлгерімі жақсы, білімді студенттерге беріледі.

Сүлеймен Демирел атындағы университет

Сүлеймен Демирел атындағы университетте ректорлық гранттың тағайындалу жүйесі сәл өзгеше. Жыл сайын SDU республикалық (SPT) және халықаралық (ISPT) олимпиада ұйымдастырып, жеңімпаздарға грант пен жеңілдік бөледі. Биыл көктемде өткен олимпиада қорытындысы бойынша талапкерлерге 256 грант пен жеңілдік тағайындалды. Олимпиадаға тек 2024 жылдың 11(12)-сынып түлектері, колледждің соңғы курс студенттері қатыса алады. ЖОО студенттері қатыса алмайды. Олимпиада сұрақтары мектеп бағдарламасы деңгейіне сәйкес дайындалған. Олимпиадаға тіркелу үшін мына құжаттар қажет: 

  • Жеке куәлік немесе туу туралы куәлік;
  • Оқу орнынан анықтама қажет;
  • Анықтама үлгісі.

Олимпиада 2 кезеңнен тұрады:

  • 1-кезең жеңімпаздары арнайы порталда, онлайн форматтағы логикалық 50 сұраққа жауап беру арқылы анықталады. 1-кезең 25 ақпан күні өтеді.
  • 2-кезеңге жоғары ұпаймен, сәтті өткен талапкер ресми sdu.edu.kz сайтында жарияланып, еліміздің ірі қалаларында белгіленген тестілеу орталықтарында таңдау пәндері бойынша офлайн форматта тапсырады. Бұл кезеңде таңдау пәні бойынша 50 сұрақ + ағылшын тілі бойынша 50 сұрақ келеді. 

Олимпиада наурыз айының соңына дейін жалғасады. Жеңімпаздар ұпай санына қарай анықталады. Үздік нәтиже көрсеткен алғашқы 297 қатысушы грант жеңіп алады. Жеңімпаз таңдаған кластері, жинаған ұпайы және ҰБТ таңдау пәндеріне сәйкес келетін мамандыққа ғана грант алады. SPT кластері мен ҰБТ таңдау пәндері сәйкес келуі керек.



Логистика және көлік академиясы  

Логистика және көлік академиясында Президент-Ректор гранты қарастырылған. Әр пункт, категория бойынша бірнеше грант бөлінеді. Олардың жалпы саны 70. Президент-Ректор грантына құжат тапсыру мерзімі 23 тамызға дейін жалғасады. 24 тамызда комиссия отырысы өтіп, сол күні грант нәтижесі шығады. 

Ректорлық грант мына тұлғаларға қарастырылған:

  • Әлеуметтік осал топтар;
  • Алтын белгі, ҰБТ нәтижесі 90 балдан жоғары алып, грант ұта алмай қалғандар;
  • JOO.KZ ақпараттық-талдау порталымен серіктестік шеңберінде;
  • ALT университеті ұйымдастырған пәндік олимпиаданың Президент-Ректор сертификатының иегерлері;
  • Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлер, физика-матаматика бейіндік пән бойынша;
  • М.Тынышпаев атындағы мектептің түлектері.

Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлерге мынандай шарт қойылады:

  1. Грант конкурсына қатысып грант ұта алмай қалу;
  2. ҰБТ 50 балдан кем емес;
  3. Әр пункттер бойынша талаптарға сәйкес келу және оны растайтын құжаттардың болуы.

Ректорлық гранттан түсіп қалған жағдайда, сол сәттен бастап оқу ақысын төлеу абитуриенттің иелігіне көшеді.

"Тұран" университеті

“Тұран” университетінде барлық жеңілдік пен гранттар ректордың грантын тағайындау және жеңілдіктер жүйесін қолдану ережелеріне сәйкес беріледі. Ешқандай конкурс, байқау өткізілмейді. Талапкер төменде көрсетілген жеңілдіктер талабына сай келсе, автоматты түрде грант иегері атанады. “Тұран” университетінде ректорлық гранттың саны шектеусіз. 

"Алтын белгі" төсбелгісінің иегерлері ҰБТ-дан 105 балдан жоғары жинаса, 4 жылға грант беріледі, егер жинаған балы 95-104 арасында болса, 2 жыл грантта оқиды.

ҰБТ қорытындысы бойынша жеңілдіктер:

130 балл және одан жоғары – “Тұран”университетінің гранты

  • 125-129 балл – тегін оқу (2 жыл);
  • 120-124 балл – тегін оқу (1 жыл);
  • 110-119 балл – бірінші оқу жылына 50% жеңілдік;
  • 100-109 балл – бірінші оқу жылына 30% жеңілдік;
  • 90-99 балл – бірінші оқу жылына 20% жеңілдік;
  • 80-89 балл – бірінші оқу жылына 10% жеңілдік;

Журналистика және қоғаммен байланыс 

125-130 балл – “Тұран”университетінің гранты
120-124 балл – тегін оқу (2 жыл)
115-119 балл – бірінші жылы тегін оқу
110-114 балл – бірінші оқу жылына төленетін 50% жеңілдік
105-109 балл – оқудың бірінші жылының төлеміне 30% жеңілдік
100-104 балл – бірінші оқу жылына төленетін 20% жеңілдік
95-99 бал – бірінші оқу жылының төлеміне 10% жеңілдік

Бұл жеңілдіктерге 2024 жылғы барлық ҰБТ сертификаты жарамды.

IELTS қорытындысы бойынша жеңілдіктер
6.0 –  толық оқу мерзіміне 10% жеңілдік
6.5 –  толық оқу мерзіміне 30% жеңілдік
7.0 –  толық оқу мерзіміне 50% жеңілдік
7.5 –  толық оқу мерзіміне 70% жеңілдік
8.0 және одан жоғары – толық оқу жылына 100% жеңілдік

TOEFL IBT қорытындысы бойынша

  • 60-78 – толық оқу жылына 10% жеңілдік;
  • 79-93 – толық оқу жылына 30% жеңілдік;
  • 94-101 – толық оқу жылына 50% жеңілдік;
  • 102-109 – толық оқу жылына 70% жеңілдік;
  • 110 және одан жоғары – толық оқу жылына 100% жеңілдік.

Ал “Тұран Үміті" байқауына ҰБТ бойынша 80 және одан көп балл жинаған талапкерлер жіберіледі. Тіркелу 20 тамызға дейін жалғасады. 

“Тұран-Астана” (ТАУ) университеті

Аталған университетте жыл сайын ішкі іріктеу байқауының нәтижелері бойынша талапкерлерге ректор гранты беріледі. Байқау шарттары келесідей:

1. ҰБТ емтиханынан жоғары ұпай көрсеткіші (100-ден төмен болмауға тиіс);

2. Халықаралық әрі республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпазы, жүлделі орындар иегері сертификаттары мен диплом, мадақтамаларының бар болуы.

Конкурс іріктеуі шілде айының 1 мен тамыздың 23-не дейін өткізіледі. Байқау нәтижелері 24 тамызда жарияланады. Ректор грантын иеленушілерді ішкі гранттары мен жеңілдіктерді беретін комиссия мүшелері анықтайды.

Бұған дейін министрлік грант ала алмаған талапкерлерге қосымша 10 мың грант бөлінбейтіні туралы айтқан еді.

Талқылау