Шымкенттің "ең адал полицейі" жеті жылға сотталды
Шымкентте "ең адал полицей" атанған Азамат Айымбетовке қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Азамат Айымбетовке 26 маусымда үкім шықты. Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі “Бопсалау арқылы пара алу” бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Полицейдің адвокаты Талғат Есімов сот үкіміне шағым жасайтынын атап өтті.
Азамат Айымбетов 13 маусымда сотқа тартылды. Тергеу мәліметінше, ол әкімшілік жауапкершілікке тартпаймын деп жүргізуші мен оның құрбысынан ақша алған. Іс материалдары бойынша ол 700 мың теңге сұратқан.
Еске салайық, Азамат Айымбетов осыдан екі жыл бұрын басшысы полковник Мұхтар Бұхарбаевқа қарсы арыз жазып, оны бопсалады деп айыптап, танымал болды. Артынша полицей президент пен ішкі істер министріне Бұхарбаевтың қымбат заттар, авиабилет, жиһаз, тіпті шырша сатып алуға мәжбүрлегенін айтып, халыққа видеоүндеу түсірген.
Айымбетовтың мәлімдемесінен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істі өз бақылауына алды. Ақырында Бұхарбаев кінәлі деп танылып, түрмеге жабылды. Осыдан кейін Айымбетов тіпті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескерлердің марапатына ие болып, қазақстандықтар арасында белгілі бір атақ алды.