"Медеу" табиғи паркінің 3 миллиард тұратын жері мемлекетке қайтарылды
Медеу ауданында ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жекеге заңсыз берілген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Алматы прокуратурасының мәліметінше, "Медеу" табиғи паркінде заңсыз берілген жер учаскелерінің бары анықталған.
“2020 жылы табиғи парк аумағында жеке тұлғалар ауданы 35 га болатын 10 жер учаскесіне меншік құқығын тіркеді.
Бұған 1994-1997 жылдары таулы Октябрь ауылдық әкімшілігінің жер учаскелерін бөлу туралы шешімдерінің болуы туралы мұрағат анықтамалары негіз болды. Мұрағат анықтамасы құқық белгілейтін құжат болмаса да, тіркеуші орган меншік құқығын заңсыз тіркеді. Алматының прокуратурасы аталған анықтамаларды және жер учаскелерін иеліктен шығару жөніндегі кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінді”, – делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот шешімімен "Медеу" табиғи паркіне кадастрлық құны 3 миллиард теңге болатын жерлер қайтарылды.
Сонымен қатар тіркеу кезінде меншік құқығын бұзғаны үшін сот кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі мәселесі қаралатынын жеткізді.