Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғарышты бағындыруда Қазақстанның үлесі зор": Қоғам белсенділері Алматыдағы Гагарин көшесінің атауын өзгертуге қарсы шықты

Алматы мәслихаты Гагарин көшесінің атын Ермек Серкебаев деп атау жөнінде бастама көтерген еді. Юрий Гагарин даңғылының – Тимирязев көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігі өзгеріп, көшенің тарихи бөлігі еш өзгеріссіз қалады деген ұсыныс айтылды. Дегенмен әлеуметтік желіде бұл ұсынысты даттайтындар да жақтайтындар да табылды. Осыған орай Stan.kz тілшісі қоғам белсенділері мен саясаттанушылардан бұл бастамаға қатысты ойын сұрап көрді. 

гагарин

Фото: РИА Новости және 2GIS

Журналист Гүлнар Бажкенова желідегі парақшасында көшенің атын өзгерту туралы ойын айтып, жазба жариялады. Оның айтуынша, адамзат ғарышты бағындырғандағы тарихи оқиға мен жетістікте Қазақстанның да үлесі зор. Мұны ұмытпау үшін Юрий Гагарин атындағы көшенің өзгеріссіз қалуы маңызды. 

“Алматыдағы Гагарин көшесінің атауын өзгерту – билікте отырғандардың талай шешімді ақымақтықпен, ойланбастан қабылдайтынын көрсетеді. Гагарин – әлемнің аңыз адамы. Ол “Восток” ғарыш кемесімен қазақ даласынан көкке көтеріліп, идеологияны, елдер мен шекераларды артқа тастады. Гагарин ғаламшар санасында тек Ресеймен шектеліп қалмайды, ол барша адамзатқа тиесілі. Ол – ғарышқа алғаш жіберілген Жердің елшісі. Ал біз кімбіз”, – дейді Гүлнар Бажкенова.

“Қазақстан космос державасы болмаса да, ғарыштық мемлекет” дейді журналист.

“Оян, көкжиегі тар, өресіз құндақтағы адам! Байқоңыр – біздікі. Гагарин біздің жерден ғарышқа ұшты. Біз – адамзаттың ұлы ерлігінің маңызды бөлігіміз. Бізсіз ештеңе болмас еді. Мұндай бейнені қалыптастыруда біз “әр кірпішті” ғарышты бағындыруымызбен байланыстыра отырып қалауымыз керек. Әр қалада Гагарин, Ғарышкер, Байқоңыр көшелері, сондай-ақ олардың ескерткіштері, мүсіндері мен портреттері бар. Халықаралық көрмелерден белгіле мен логотиптерді де байқауға болады. Мұнымен де біз өз игілігіміз ретінде мақтануға тиіспіз. Ал Ресей қалағанша күліп, ашулансын. Бұл гректер мен македониялықтардың Александр Македонскийге қатысты дауына ұқсайды. Бірақ мұны біздің шенеуніктер қайдан білсін”, – деп жазды Гүлнар Бажкенова.

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ойынша, көшенің жарты бөлігінің атын өзгерту соншалықты үлкен мәселе емес.

“Қаламызда одан да күрделі мәселелер көп. Солармен айналысуымыз керек. Кейінгі кезде көшенің атауын өзгерту туралы жиі айтылып жүр. Өйткені Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова секілді батыр қыздарымызға арналған саябақта дәмхана салынып жатыр. Сол жемқорлық туралы халық білмес үшін көше атауын өзгерту мәселесін көтеріп жатыр. Осылайша қазақ тілді және орыс тілді аудиторияны бір-бірімен шағыстырып, қазақстандықтардың назарын басқа дүниеге аударып жатыр. Менің ойымша, мұны жасап отырған – әкімшілік”, – дейді ол. 

Қазақстандық саясаткер әрі дипломат Қазбек Бейсебаев бұл өзгеріске қарсы шықты. 

“Негізі мен қандай мекенжай болсын, атауын өзгертуге қарсымын. Өйткені ол – тарих. Ал тарихты ұмытсақ, біздің болашағымыз болмайды. Ал көшенің атын өзгертуге келcек, бұл талқылануы керек. Бұл жөнінде халықпен санасу маңызды. Бірақ менің ойымша, көшенің атын өзгерту дұрыс емес. Біздің басқа мәселеміз жоқ па? Алдағы күндері қанттың бағасы көтеріледі, қант тапшы болады. Баға өседі. Мейлі, өзгертті делік, онда неге халық ол туралы әлеуметтік желіге жазып, наразылық білдіреді? Елімізде күрделі мәселелер толып жатыр. Ал біз көшенің атын өзгертумен әлекпіз. Мен мұны халықтың назарын басқа жаққа аудару дер едім”, – дейді политолог Қазбек Бейсебаев.

Әріптесінің сөзін политолог Дос Көшім де қолдап отыр. 

“Мен бұл өзгеріске қарсымын. Ермек Серкебаев – желтоқсан кезінде қазақ жастарын "нашақорлар", "қазақ халқын ұятқа қалдырушылар" деп хат жазған адамның бірі”, – дейді ол. 

Ал мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл заңға сәйкес, көше атын ауыстыру үшін билік жергілікті халық пен сол көшеде тұратын халықты жинап, жиналыс өткізіп шешім шығару керек екенін айтады.

“Осындай ономастикалық мәселелерді көтергенде оны қолдайтындар да, оған қарсы шығатындар да болады. Ономастикалық саясат елімізде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Кеңес заманындағы ата-бабаларымызды да ауыстыру туралы ұсыныстар көп түсіп жатыр. Сол себепті бұл мәселеде асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Әр көшенің тағдырын шешерде аты берілген тұлғаның тарихтағы, Қазақстандағы рөлі қандай, соны ескеру керек. Менің ойымша, Гагарин есімі Қазақстанда қалуы керек. Сондай-ақ Ермек Серкебаев та белгілі тұлға. Еліміздегі бір көшеге Ермек Серкебаевтың аты берілу керек деп санаймын, ол кісі әбден лайық”, – дейді депутат.  

Алматы мәслихатының депутаты Еркін Рақышев көшенің атын өзгерту туралы жиын болғанын, сол жерде бәрі талқыланғанын айтады. 

“Бірақ көшелердің аты әлі бекітілген жоқ. Сол себепті әзірге ештеңе айта алмаймын. Жалпы мен Гагарин көшесінің бір бөлігіне Ермек Серкебаевтың есімі берілетініне қарсы емеспін. Ақпарат әлі анықталмаған. Жақын күндері белгілі болып қалар”, – деді ол. 

Айта кетсек, "Ашық үкімет" порталында қала көшелерінің атауларын өзгерту және атаулар беру туралы әкім мен Алматы қаласы мәслихаты төрағасының бірлескен қаулысының жобасы пайда болды. Онда былай делінген:

  • Гагарин даңғылының Тимирязев көшесінен әл-Фараби даңғылына дейінгі бөлігін Ермек Серкебаев даңғылы деп қайта атау ұсынылады;
  • Әуезов ауданы Юбилейная көшесі Владимир Толоконников көшесіне өзгереді;
  • Түрксіб ауданы "Жас қанат" шағынауданындағы атаусыз көшеге Ескендір Хасанғалиевтің есімін беру ұсынылады;.
  • Бостандық ауданындағы атаусыз көшеге Юрий Померанцев есімі беріледі.
Талқылау