2024 жылы Қазақстанда құжат жасату құны қанша болады?
Келер жылы айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге дейін өседі. Сондықтан мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да өзгереді. Stan.kz 2024 жылы қазақстандықтар үшін құжат жасау құны қанша болатынын анықтап көрді.
Төлқұжат жасату құны
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорттағы бет санына байланысты баж құны өзгереді:
- 24 парақ – 4 АЕК, яғни 14 768 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
- Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 29 536 теңгеге өседі.
- 48 парақ – 12 АЕК, яғни 44 304 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, паспортты тезірек алуына болады.
Жеке куәлік жасату құны
Сондай-ақ, ел азаматтары жеке куәлігін жасату үшін 0,2 АЕК немесе 738 теңге төлеуі керек. Бірақ Қазақстан азаматының жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса 1 АЕК немесе 3 692 теңге төлеуге тура келеді.
Ішкі істер министрлігі 2024 жылдан бастап жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алу қызметінің құнын төмендеткен болатын.
Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында:
- 1 жұмыс күні үшін қызмет құны – 3372,45 теңгеге дейін;
- 2 жұмыс күні үшін қызмет құны – 1770,88 теңгеге дейін;
облыс орталықтарында:
- 3 жұмыс күні үшін қызмет құны – 3372,45 теңгеге дейін;
- 5 жұмыс күні үшін қызмет құны – 1770,88 теңгеге дейін;
- облыстардың аудандары мен қалаларында:
- 7 жұмыс күні үшін қызмет құны – 677,95 теңгеге дейін төмендетілді.
Айта кетсек, 2024 жылы неке қию туралы куәліктің құны да 1 АЕК немесе 3 692 теңге болады.
Бірақ ажырасуға өтініш беру екі есе қымбатқа түседі, яғни – 2 АЕК немесе 7 384 теңге.
Туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ жоғалтып алып немесе басқа да жағдайлармен қайта жасатқан жағдайда 0,5 АЕК немесе 1 846 теңгені төлеу керек болады.
Төлем электронды үкіметтің төлем шлюзі, екінші деңгейлі банктер арқылы немесе QR-код бойынша жүзеге асырылады.
Құжаттарды кімдер тегін ала алады?
Айта кетейік, кейбір азаматтар құжаттарды тегін ала алады. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес мемлекеттік баждан мына тізімдегілер босатылады:
- Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
- үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
- "Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
- ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;
- қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Осы тізімге кіретін қазақстандықтар баж төлеуден босатылғанын растайтын құжатты көрсетуге тиіс.
Жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде беріледі.
Жеке тұлғаның қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар ресімдеген күннен бастап:
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 1 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – 3 жұмыс күніне дейін;
- Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – 3 жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында 5 жұмыс күніне дейін,
- облыстардың аудандарында және қалаларында 7 жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.
Саусақ іздері
Бұған дейін саусақ іздерін тапсыру барлық қазақстандықтар үшін міндетті болатыны айтылған. Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев 25 қыркүйекте өткен брифингте дактилоскопиялық тіркеуден 12 жасқа дейінгі балалардан басқаның бәрі міндетті түрде өтетінін айтқан.
Кейін 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қазақстандықтарға саусақ ізін алу міндеттелмейтінін айтқан. Вице-министрдің айтуынша, ереже шетелдіктер үшін міндетті болып қала береді.
“Заң жобасына түзетулер енгізілуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың ерікті түрде саусақ іздерін тапсыруға мүмкіндік беру мәселесі пысықталуда. Шетелдіктер үшін шекарада міндетті болады, бірақ ішіндегі құжаттама ерікті түрде болады", – деген Сәкен Сәрсенов.
Жақында сенат депутаттары Қазақстан азаматтары үшін ерікті дактилоскопиялық тіркеуді көздейтін заңды мақұлдап, президентке қол қоюға жіберді. Құжатқа сәйкес Қазақстан азаматтары үшін саусақ ізін тіркеуді олардың келісімімен ғана белгілейді.
Қазақстан азаматы үшін міндетті түрде саусақ ізін тіркеу теңізшінің жеке куәлігін алған жағдайда ғана жүргізіледі.