Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шерушілер келіссөздерден бас тартты – Маңғыстау әкімдігі West Oil Software компаниясына қатысты жағдайға түсінік берді

West Oil Software (WOS) компаниясының қызметкерлері "ҚазМұнайгаз" өкілдерімен келіссөз жүргізуден бас тартты, деп мәлімдеді Маңғыстау облысы Қарақиян ауданының әкімдігі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

WOS

Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, 20 желтоқсанда Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаевтың бастамасымен West Oil Software қызметкерлерімен келіссөздер процесін жүргізуге әрекет жасалған, алайда жұмысшылар "ҚазМұнайГаз" штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөздерден бас тартқан.

“19 желтоқсанда Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев West Oil software наразылық білдіруші қызметкерлерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Төретаев наразылық білдірушілерді жағдайды сындарлы бағытқа ауыстыруға, келіссөздер үстелінде бәрін шешуге шақырды. Қызметкерлер әкімнің ұсынысымен келісті.

20 желтоқсан күні таңертең "ҚазМұнайГаз" АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ басшысы Мұрат Мұстафаев, West Oil software басшылығы және Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев заңсыз ереуіл өтетін жерге келіп, наразылық білдірушілерді өз қатарынан белсенділерді таңдап, келіссөздер процесін бастауға шақырды.

Алайда, West Oil Software қызметкерлері наразылық акциясын заңдастыруды талап етіп, келіссөздерді бастаудан бас тартты. Дәулетжан Хасанов өз кезегінде ереуіл соттың шешімімен заңсыз деп танылғанын және оны тек жоғары тұрған сот сатысына арыз беру арқылы жоюға болатынын түсіндірді”, – делінген ақпаратта.

WOS қызметкерлері "ҚазМұнайГаз" АҚ штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөздерден бас тартқан.



Әкімдік сонымен қоса WOS-тың бірқатар қызметкерлерінің "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесімен (ЕСОТ) еңбекақыны теңестіру, ҚМГ еншілес кәсіпорнының штатына кіру сияқты қосымша талаптары негізсіз екенін атап өтеді.

“Акцияның өзі, 2023 жылдың 11 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының соты заңсыз деп танылды.

Сондай-ақ, WOS-тың кейбір қызметкерлері бұрын Қазмұнайгаздың еншілес ұйымдарының қызметкерлері болғанын және 2018 жылы 5/50 бағдарламасын пайдаланып, өз еркімен жұмыстан шыққанын және аталған бағдарлама аясында бес жылдық жалақысының 50% алғанын атап өткен жөн. Орташа алғанда, бір адамға төленетін төлем сомасы шамамен 11 млн теңгені құрады. Осы себепті ҚазМұнайГаздың ЕТҰ штатына көшуі туралы талаптар да мүмкін емес.

Осы күнгі ереуілге байланысты "West Oil Software" ЖШС күніне шамамен 23 млн теңге шығын әкеліп отыр.
Бұл фактор компанияның және оның қызметкерлерінің, соның ішінде ереуілге қатыспайтын тікелей WOS қызметкерлерінің қаржылық жағдайына нұқсан келтіреді”, – дейді әкімдік.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысындағы "West Oil Software" ЖШС жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылған еді. Маңғыстау облысының мұнайшылары мен теміржолшылары "West Oil Software" компаниясының материалдық-техникалық базасын жаңарту, "West Oil Software" компаниясының жұмысшыларын "ҚазМұнайГаз" АҚ құрамына қосу, жалақыны бірыңғай еңбекақы жүйесіне сәйкестендіру талаптарымен айтып, жаппай ереуілге шыққан. 17 желтоқсанда ереуілдің жетінші күні ереуілге шыққан мұнайшылардың саны 500-ден асқаны айтылды.

Талқылау