Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қылышбектен кейін сұраныс та, гонорар да өсті": Танымал актер Рүстем Жаныаманов бағын ашқан рөлі мен жеке өмірі туралы айтып берді

Рүстем Жаныаманов – қазіргі кино саласындағы сұранысы жоғары актерлердің бірі. Ел алдында рейтингі жоғары "Келінжан" сериалындағы Қылышбектің образын тамаша алып шыққан өнер жұлдызы рөлден кейін карьерасында орын алған өзгерістер мен отбасындағы құндылықтар жайында Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

– Асанәлінің Бекежаны сияқты халықтың мәңгі есінде қалатын сіздің образыңыз сөзсіз, Қылышбек болмақ. Бұл рөл қандай мүмкіндіктерге жол ашты? 

– Бірден мойындайын, актерлік карьерамдағы бұл рөл маған танымалдық алып келді. Қылышбектен кейін түрлі ұсыныстар пайда бола бастады. Үлкен кинодан жарнамаға дейін сұранысым өсті десем, артық айтпаймын. Бір сөзбен айтқанда, осы рөлден кейін сұраныс та, гонорар да өсті.

– 4 маусым бойы рөлді әбден зерттеген секілдісіз. Қылышбектің өмірдегі прототипі бар ма? Көрермен тарапынан "менің туысым/танысым Қылышбектен аумайды" деген пікірлер қаншалықты көп? 

– Рөлді зерттегенім рас. Жалпы оңай ойнала салатын образ емес екенін көрермендер де байқаған шығар. Қуантатыны бұл образым "Келінжан" сериалының алғашқы маусымында-ақ табылды. "Қылышбекті" шынайы өмірдегі адамдарға қарап жасаған емеспін. Біреулерге ұқсап жатса оны тек қана "кездейсоқтық" деп білемін. 

– Үш ұлыңыз бар. Сіздің өміріңіздегі ұл тәрбиесінде әкенің рөлі қандай?

 Иә, Құдайға сансыз шүкір! Жарым екеуміз алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Ер бала болғандықтан өздеріне сай бұзықтықтары да, ерке қылықтары бар. Сабақ оқығысы келмейді. Ол жақтары енді өзіме ұқсаған (күліп). Мен де бала күнімде шешеме "оқи беремін бе?" деп ренжитінмін. Ойынға тоймайтынмын.

– Жарыңыз да өнер адамы екені белгілі. Әсіресе Instagram желісінен бірге көріп тұрамыз. Дәл сондай көңілді отбасының махаббат оқиғасы да ерекше шығар, қалай таныстыңыздар?

– Алғашында reels деген нәрселерді "арзан дүние" деп түсінетін едім. Кейіннен оның осы қиын заманда елдің көңілін көтеруге таптырмайтын нәрсе екенін ұқтым. Сол үшін бас тартпадым. Келіншегім түрлі дүниелер түсірейік деп ұсына бастады. Бір қарап шығып, соны ақырын-ақырын жасай бастадық. Ең бастысы, халыққа ұнап жатыр.

Жарым екеуміз Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жүргенде таныстық. Мен 3-курста оқып жүргенде, ол 1-курсқа түскен болатын, яғни балмұздақ болып келді.

– Үйленер алдында жарыңыздың өнеріне қатысты қандай да бір принцип қойдыңыз ба?

– Өнерін ешқашан да шектеген емеспін. Керісінше жұмыс істегенін қалаймын. Қазір 3 баламыз болса да, театрда қызмет істеп жүр. Бір-бірімізді түсініп, керісінше қолдауға тырысамыз. Оның шаруасы шығып қалса, балаларға қарап өзім қаламын. Менің жұмыстарым шықса, келіншегім өзі қарайды. Екеуміз де бос болмаған жағдайда апаларын шақырып аламыз. Ол кісі үнемі уақыт тауып, қолдап отырады. Арасында келіншегіме "клип түсірсек қалай?", "ән айтасың ба?", "дуэт жазайық па?", "поэзия оқиық па?" деген сияқты ұсыныстар тастап отырамын. Қолымыз тиген сәтте шай ішіп отырып талқылайтын ортақ дүниелер көп. 

– Жігіт пен қыздың арасындағы достыққа сенесіз бе?

– Өз басым жігіт пен қыздың арасындағы достыққа сенбеймін. Ол түбі махаббатқа ұласып кетеді. Мәселен, жігіт пен қыз жақсы дос делік. Жігіт өз сүйгеніне үйленіп кетеді. Қыз өз азаматына тұрмысқа шығып кетеді. Сонда ойлап қараңыз, достық қалай жалғасады. Екеуінің де жанында адамы бар. Ондай достықтың болуы мүмкін емес деп ойлаймын. 

– Бала күніңізде қаншалықты жиі бұзықтық жасайтынсыз? Актер болуыңызға балалық арман әсер етті ме?

– Балалық арман актерлікке келуіме әсерін тигізді деп ойлаймын. Өйткені, балалық шағымызда шетелдік "Вандам", "Терминатор" деген сияқты актерлардың өнеріне тамсанып өскенбіз. Кез келген адамнан сұрасаңыз, рахаттанып айтып береді. 6-7 рет көріп, жаттап алған кездеріміз болды. Тіпті, қазір "Терминаторды" қоссақ, қай кезде қандай сөз айтатыны есімде сақталғанын байқар едіңіз. 

Арманым көп болатын. Әнші болсам, суретші болсам дейтінмін. Жүргеновтің колледжіне суретшілікке тапсыруға келгенімде, марқұм профессор Есім Сегізбаев ағамыз мені көріп: "ей, сен барсаңшы, жиналып жатыр ғой!" деген еді. Ағайға суретші екенімді айтқанымда: "қайдағы суретші, сенің фактураң бар, тілің таза екен, ендеше актерлікке тапсыр. Бойың да ұзын екен, театрға сен сияқты балалар керек" деді. Осы бір ауыз сөздің өзі маған мотивация болды. Сондай тұлға айтып тұрғаннан кейін, ойланып бала күннен келе жатқан арманымды орындайын деп, жүгіріп барып құжаттарымды актерлік мамандыққа тапсырдым. 

– Ізіңізден еріп келе жатқан өнер академиясының студенттеріне қандай кеңес бересіз?

– Қазір театр факультетіне студенттер көп барады. Бұл мүмкін өнер ордасы үшін қуантарлық жайт шығар. Біздің кезімізде абитуриенттер заңгерлікке, медицинаға ағылып тапсырып жататын. Қазір бәрі жаппай актер болғысы келеді. Берер кеңесім, актерлік жолды таңдар алдында оның болашағы жайында асықпай ойлану керек. "Осы салаға жаралғанмын ба, әртіс болу үшін менің қабілетім жете ме?" деген сұрақтарға жауап алғаннан кейін, 100 пайыз сенімді болғанда ғана өнерге аяқ басу керек. Әрине, заман соны үйреткен шығар. Дегенмен бізге актерлерден бөлек  математиктер, ІТ мамандары, инженерлер, архитекторлар керек. Техникалық мамандықтар иелеріне де сұраныс басым. Елдің дамуы үшін барлық салада маманданған болуымыз тиіс деп ойлаймын. 

Өнерде ізімнен еріп келе жатқан іні-қарындастарыма айтарым – өз-өздеріңізді ешқашан алдамаңыздар. "Менің бағым жанып кетеді" деп жүре бермеуіңіз керек. Бізге ұстаздарымыз "99% - еңбек, 1% - талант" деп үйретті. Сондықтан "өнердің қиындығына шыдауға дайын, тер төгуге әзір болсаңыз ғана осы жолға келіңіз" дер едім. Ең әуелі – өнерге тазалық керек, тазалықтың ішінде бәрі жатыр. Екінші – тез ойлану, бұл өнердегі өте маңызды дүние. Соңғысы – басқа жолға тайып кетпеу.

– Қаржылық сауаттылыққа қалайсыз? Ақшаны дұрыс жұмсай аласыз ба?

– Шыны керек, ақшаны дұрыс жарата алмаймын. Оны мойындаймын. Балаларым біліп алған. "Папа, мына ойыншықты алып бер!" дейді. Олардың бір айтқанын қоймайтыны белгілі ғой. Сол үшін алып беруге тырысамын. Өз заманымызда балалық шақтың қызығына бата аламадық. Сол үшін балаларым кисе екен, мен ойнамаған, мен ұстап көрмеген ойыншықпен ойнаса екен деймін. Балалық шағы мықты болған бала ертең үлкен өмірге де саналы түрде қадам басады деп ойлаймын. Балалық шақ балалық шақ болып өтуі керек, жасөспірім шақ өз уағымен болғаны жөн, ересек кезде есею керек деген үлкен қағидам бар. Сол үшін ақшаны жақындарымнан аямаймын. 

– Сұхбатыңызға рахмет!   

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

STAN.KZ
Сәрсенбі, 02 Қараша, 2022 09:35