Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Марғұланды полицейлер ұстап әкетіп, қызымыз ауруханаға түсті": Сәуле Сейсембаева өзінің қалай орамал тағып, намазға жығылғанын айтып берді

Қазақстандық инвестор, бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың жары Сәуле Сейсембаева Меруерт Жүнісбекке “Вслух о личном” ютуб арнасында берген сұхбатында өмірлік сынақтардан кейін өзінің намазға жығылып, орамал таққанын айтып берді. Сөзінше, ол орамалдың өзіне жарасып, айналасына да ұнауын қажылыққа барғанда құдайдан тілеген екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сәуле Сейсембаева 2009 жылы жұбайының жұмысында үлкен сынақтар мен қиындықтар туындағанын жасырмады. Қаражатты жымқырды деп жарынан күдіктене бастаған кезде  сағы сынған күйеуіне қалай қол ұшын берерін білмеген екен. 

“Марғұлан өзінің адал тапқан табысын өзінің банк шотына аударып отырғанын дәлелдегісі келді. Қатты қиналды, уайымдады. Мен қалай көмектесерімді білмедім. Сол кезде оның намаз оқи бастағанын көріп жүрегім тыныштала бастады. Ол да намаздан соң өзін қолға алып, жағдайды шешуге кірісті”, –  деді Сәуле Сейсембаева.

Танымал тұлғаның жұбайы осы кезеңдердегі қиыншылық пен сынақтар өзінің де намаз оқуына ықпал еткенін жасырмайды. Алайда балалары кішкентай болғандықтан ниетті орындау сәл қиындық тудырса керек.

“Ол кезде біз Дубайда едік. Кейін жұбайым не болса да елге қайтайық деді. Алайда Марғұлан іздеуде болғандықтан оны полицейлер ұстап алып кетті. Оған түрмеге қажетті заттарын апарып, кездесейін десем мені кіргізбейтін. Қатты қорқып, күйзеліске түсе бастадым. Оның үстіне балалар ротавируспен ауырды. Кішкентайым көз алдымда қатты аурып, қалі нашарлады. Дәрігерлер тек антибиотиктер ғана жазып берген, бірақ көмектеспеді. Кейін сол күні қызымыз ауруханаға түсті. Мен қатты уайымдап құдайдан тілей бастадым. Ішімнен құдайым Марғұлан түрмеден шығып, қызым сауығып кетсінші. Менің тілегім орындалса, намаз оқуға да, жабық киінуге де дайынмын дедім. Тілегім қабыл болып екінші күні қызымның жағдайы жақсарды. Марұланды да босатып, елге қайтуға құжаттар тапсыруымызды сұрады. Сол кезден бастап мен намазға жығылдым”, – деді Сәуле Сейсембаева.



Марғұлан Сейсембаевтың жары намаз оқып барынша жабық киінуге тырысса да, орамал мен хиджабты кимегенін жасырмады.

“Әрине мен жас болдым, заманауи киінгім келетін. Бұл мен үшін өз-өзімді шектеу сияқты көрінетін. Бірақ қажылыққа барар алды түсімде жалаңаш жүргенімді көріп қатты ұялдым. Содан соң бұны бір белгі шығар деп ұқтым”, –  деді ол.

Сәуле Сейсембаева қажылық кезінде құдайдан орамал тағуға ниет беруін, өзін жайлы сезінуі мен айналасының сондай қалпымен қабылдауын сұраған екен. 

“Қажылықта бізге 4 миллион адамның арасынан ішке қарай жақындау қиын болды. Мен тіпті аль-Харам ішіне жақындаймын деп те ойламадым. Бірақ сол күні бір ғажайыппен ішке кіріппін. Сөйтіп барлығы үшін дұға тілектерімді оқып болып, құдайда орамалға келуіме көмектесуін, мен үшін орамалда жүруіме жайлылық беруін және оны таққаным маған жарасып, айналама да адамдарға да ұнаса екен деп сұрадым. Тілегімді тілеп болып, орнымнан тұрғаным сол еді артымнан бір араб әйел шақырып алып, маған сүйсіне қарап, орамалыма қызығып, қайдан алғанымды сұрады. Сол кезде шынымен маған орамалдың жарасатынына құдайдың өзі белгі беріп тұр-ау деп ойладым”, – деді Сәуле Сейсембаева.

Орамал мен намазға келген Сәуле Сейсембаева басында қоғам қабылдай ала ма деген қорқынышының болғанын жасырмады. Алайда ол барлығы ішкі ой мен ұстанымнан басталатынын алға тартты.

Талқылау