Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тілімізді сыйлау - басты парызымыз": Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері "қазақша жауап беру мәдениетсіздік" деген кәсіпкердің өзін сынады

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Геннадий Шиповских пен Максим Рожин Choco компаниясының басшысы Рамиль Мухоряповқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских Рамиль Мухоряповқа жасаған үндеуінде еліміздегі басты тілдің қазақ тілі екенін еске салды. 

“Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелерінің атынан Мухоряпов мырзаға үндеу жасағымыз кеп отыр. Рамиль мырза, сіздікі дұрыс емес. Біріншіден, еліміздегі басты мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондай-ақ әрбір сырттан келіп жатқан азамат елімізде келген кезде алдымен тілімізді сыйлауы міндетті. Бұл – басты парыз. Бұл істеген ісіңіз дұрыс емес деп ойлаймын. Егер сізге біреу қазақ тілінде жауап беріп жатса, бұл ешқандай да мәдениетсіздікке жатпайды. Өйткені ҚР Конституциясының 7-бабының 1-тармағына сәйкес, ресми түрде мемлекеттік тіл – қазақ тілі”, – дейді Геннадий Шиповских. 

Депутаттың сөзін ары қарай Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, журналист Максим Рожин жалғастырып, қазақстандықтардан қазақ тіліндегі шығатын ақпараттың барлығына мұқият болуды сұрады. Айтуынша, елде мемлекеттік тілде қызмет түрі көбеюі керек. 

“Бұл жерде көп нәрсені айтуға болады. Бірақ мен бір нәрсеге тоқталып кетейін. Мемлекеттік тіл айналасында мәселе көп, әрине. Алайда біз ел азаматы ретінде осы мәселелерді жоққа шығарып, осы бағытта жұмыс жасауымыз керек. Рамиль, біз кешегі күннен бері бұл жағдайдың куәгері болып келеміз. Біз Америкаға барғанда бәрі ағылшынша жауап береді немесе Францияда бәрі французша жауап береді деп ренжімейміз ғой. Франциялықтар мен америкалықтарды мәдениетсіз деп айтуға аузыңыз бармайтын шығар. Бірақ бізді солай атадыңыз. Меніңше, сіз оданда бизнесіңіздің Қазақстан азаматтарына ыңғайландыруын ойлауыңыз керек секілді. Қазақстан азаматтары осы күнге дейін Choco компаниясының өнімдерінде қазақ тілі туралы ақпараттың болмауына төзімділікпен қарап келді. Сіздердің өнімдеріңізде орыс тілінің үлесі қандай болса, қазақ тілінің де үлесі сондай болуы керек. Бұл жерде манипуляция болып, өз тараптарыңызға қысым жасалды деудің қажеті жоқ. Өйткені, көп жағдайда қазақ тілді азаматтар қысымға ұшырап жатады. Сіздің жағдайыңызға өте жақсы мысал деуге болады”, – деді ол. 

Еске салсақ, әлеуметтік желіде Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде айтқан сөзі қызу талқыға түсті. Кездесу барысында компания басшысы шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” екенін айтқан болатын. Кейін басы дауға қалған кәсіпкер қазақстандықтардан кешірім сұрады. 

 

Талқылау