"Қараңғыда отырамыз ба?": Энергетика министрі АЭС салудың маңыздылығы туралы айтты
ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда АЭС салу не себепті қажет екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"2035 жылға дейін біз электр энергиясын тұтыну әрі өндіру көлемінің балансын жасадық. Бұл өте күрделі жұмыс. Бірнеше ай бойы "КЕГОК" компаниясы бар, біздің ірі стансалардың өкілдері, ірі тұтыншулар бар, солармен бірге отырып балансын анықтадық. Сол көрсеткіштерге сүйенсек, электр энергиясының тапшылығы байқалып отыр. Осы тапшылықты болырмау мақсатымен атом стансасын салу керек болады айтуға толық негіз бар", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Министр биыл Қазақстан энергия тапшылығына тап болғанын, сондықтан Ресейден электр энергиясын жоспардан тыс импорттауға мәжбүр болғанын еске салды.
Сонымен қатар, Мырзағалиев АЭС салуға орта есеппен 10 жылға дейін уақыт кететінін айтты.
Соңғы жылдары Қазақстанда АЭС салуға болатын түрлі жер учаскелері зерттелді. Таңдау кезінде сейсмикалық тұрғыда зерттеліп, инфрақұрылым, энергияны тұтыну сияқты факторлар қарастырылды.
"Бізде қазір екі орын бар. Бірі – Үлкен ауылы, екіншісі – Курчатов қаласы. Үлкен инфрақұрылымның болуы тұрғысынан жайлы болып отыр. Өйткені ол жерде "солтүстік-оңтүстік" желісі мен 500 киловольт электр беру желісі өтеді. Сонымен қатар, Үлкен ауылы біздің негізгі тұтынушыларымызға жақын – оңтүстік аймақта орналасқан", - деп жалғастырды Энергетика министрі.
Алайда АЭС салу орны бойынша түпкілікті шешім әлі де қабылданбаған.
"Бұл жұмыс қазірдің өзінде басталып," Самұрық-Қазына" бастаған жобалық топты ұйымдастырылды. Барлық тиісті зерттеулер мен іздестіру жұмыстары әлі де жүргізілетін болады", - дейді министр.
Осы орайда журналистер қоғамдық тыңдау кезінде халықтың басым бөлігі қарсы болған жағдайда атом электр станциясын салуға тыйым салына ма, жоқ па деп сұрады. Министр бұл сауалға жауап бере алмайтынын жеткізді. Сосын "жарықсыз отырғанша АЭС салған" дұрыс деді.
"Бұл саяси мәселе ғой. Мен энергетика министрі ретінде ғана пікір айта аламын. Біз баланс бойынша станцияны салу қажеттігін анық көріп отырмыз. Екі жол болады. Жарықсыз қараңғыда отырамыз ба, жоқ, әлде қажетті шешімді қабылдаймыз ба, екеуінің біреуін таңдау қажет болады. Осы тұрғыда қарастыруымыз қажет", - деп түсіндірді Мырзағалиев.
Министр қазіргі көмір станциялары 40-50 жыл бұрын салынғанын да еске алды. Сосын бұл энергия өндірудің ескі технологиясы болып саналады.
"Сондықтан бізде былай қарасаң, басқа жол да жоқ. Осыны дұрыс түсінуіміз керек", - дейді Мырзағалиев.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, заманауи технологиялар атом электр стансаларын бұрынғы нұсқаларына қарағанда қауіпсіз етуге мүмкіндік беріп отыр.
"Қазір станса салғанда өте заманауи технологиялар қолданылады. Әлем бойынша қателеспесем 249 атом блогы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 150-ден астам жаңа блок салынуда. Еуропа елдерінде, араб елдерінде, басқа да елдерде қолған алынған. Сондықтан бұл жұмыс әлем бойынша өте белсенді жүріп жатыр. Қазіргі заманауи технологиялар өте қауіпсіз деп айтуға болады", - деді министр.
Айта кетері, бүгінде АЭС салу үшін екі алаң қарастырылып жатыр. Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атаған болатын.
Бұдан бөлек, атом электр станциясы Шығыс Қазақстан облысында салынуы мүмкін.