Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай шахтасындағы жарылыс: Тұрғымбаев оқиға кінәлілер барын айтқан ТЖМ министрінің сөзін жоққа шығарды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қарағанды облысы Абай шахтасында болған жарылысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасындағы жарылыс үшін қылмыстық жауапқа тартылатын күдіктілер бар екенін айтқан болатын. Алайда ішкі істер министрі мұны жоққа шығарып отыр.

"Қазір шахтаны үйіндіден тазарту жұмысы жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша онда метан жарылған. Жарылыс пен адам өлімі себептері анықталып жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады. Қазіргі таңда адам өлімі және жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Тұрғымбаев мәжіліс кулуарында.

"Күдіктілер тобы бар ма?" деп нақтылады БАҚ өкілдері.

"Әзірге жоқ" деп жауап берді министр.



Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 7 қарашада Қарағанды ​​облысындағы "Абай" кенішінде алты адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған болатын. Зардап шеккен кеншілер қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Кеншілер отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы (Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау