P. Diddy Тупак Шакурдың өліміне қатысы бар екенін мойындады – New York Post
Фото: Getty Images / Shareif Ziyadat
Америкалық медиа-магнат P. Diddy (Шон Комбс) жеке әңгіме барысында аты аңызға айналған рэпер Тупак Шакурдың өліміне қатысы бар екенін мойындағаны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі New York Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым Стив Отис есімді ер адамның таңғаларлық сот талап-арызын қолына түсірген. Арызда Шон Комбс Отиске қоқан-лоқы көрсеткен кезде Тупак Шакурды өлтіруге қатысы бар екенін мойындады делінеді.
Осы аптада берілген талап-арызға сәйкес, Стив Отис 2012 жылы ерлер эскорты болып жұмыс істеп жүрген кезінде Комбс оны қала орталығындағы қонақүй нөмірінде алдын ала есірткі беріп, зорлағанын айтады. Сондай-ақ рэпер оны өліммен қорқытқан көрінеді.
“Мұны ешкімге айтпағаның дұрыс. Мен әзілдеп тұрған жоқпын. Егер мен Тупакқа зиян келтіре алсам, онда сенімен не болуы мүмкін деп ойлайсың?” – деп басылым талап-арыздан үзінді келтіреді.
Талап-арыздағы ақпарат бойынша, “Комбс Отисті зорлағаннан кейін оны өлтіремін деп қорқытып, 1996 жылы болған Тупактың өліміне қатысы барын меңзеген”.
Тупак Шакур қалай қаза тапты?
1996 жылғы 7 қыркүйекке қараған түні Тупак Шакур Майк Тайсон қатысқан бокс кездесуінен кейін түнгі клубқа бет алған. Рэпер отырған көлікке белгісіз адамдар оқ жаудырып, хип-хоп орындаушы ауыр жараланған. Ол жасанды өмірді қамтамасыз ету аппаратына қосылып, қолдан комаға енгізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. 13 қыркүйекте Тупак Шакур көз жұмды.
Тупак Шакурдың өліміне қатысты көптеген конспирологиялық теория бар. Солардың біріне сәйкес, рэпер қарыздардан, атақ-даңқтың қысымынан және қылмыстық топтармен қақтығыстардан құтылу үшін өз өлімін қолдан ұйымдастырған. Мәселен Death Row Records лейблының негізін қалаушы Шуг Найт Тупактың Гавайиге сапары кезінде оны өлді деп көрсету туралы өзімен сөйлескенін мәлімдеген.
2025 жылғы қыркүйекте Тупак Шакурды өлтіруге күдікті ретінде аталған Crips қылмыстық тобының бұрынғы мүшесі Дуэйн Кит Дэвис (Кефф Ди) рэпер мен оның продюсері Шуг Найтқа жасалған қастандықтың тапсырыс берушісі Пи Дидди болғанын айтқан. Бұл туралы USA Today басылымы бұрын құпия сақталған құжаттар мен айыпталушының көрсетулеріне сілтеме жасап хабарлады. Айтуынша, P.Diddy Шакур мен Найтты жою үшін 1 миллион доллар уәде еткен.
Былтыр қазан айында Нью-Йоркте Шон Комбсқа үкім шығарылды. Музыкант адамдарды жезөкшелікпен айналысу үшін тасымалдады деген айыппен 50 айға бас бостандығынан айырылды.
Кейінірек БАҚ-та P. Diddy-ді түрмеде өлтірмек болды деген ақпарат тарады – тұтқындардың бірі оның тамағына қолдан жасалған пышақ тақаған.
Еске салайық, былтыр 17 қыркүйекте рэпер әрі продюсер Puff Daddy (P.Diddy деген атпен белгілі) рэкет, сексуалды құлдық пен сауда және жеңгетайлық үшін қамауға алынып, Голливудта үлкен шу шыққан еді. Рэпердің ұйымдастырған кештерінде танымал поп-жұлдыздардың болғаны да белгілі, желіде фотолар пайда болған.