Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Nestle компаниясы Қазақстандағы балалар тағамының кейбір партияларын құрамында токсин болуы мүмкін деген қауіппен кері қайтаруда

Фото: shutterstock.com

Nestle компаниясы Қазақстанда балалар тағамының кейбір шектеулі партияларын кері қайтарып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Компанияның Қазақстан аумағынан кері қайтарған балаларға арналған өнімдер арасында құрғақ тез еритін сүт, қышқыл сүт қоспалары мен аминқышқылдар негізіндегі емдік диеталық құрғақ қоспалар бар. 

“Өнімдерді кері қайтару туралы шешім сақтық шарасы ретінде қабылданды және сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта (арахидон қышқылы) церулид токсинінің болуы мүмкін деген қауіптің анықталуына байланысты Nestle компаниясы жүргізіп жатқан жаһандық деңгейде ерікті түрде кері қайтарып алу шараларының бір бөлігі болып табылады”, – делінген хабарламада.

Аталған қоспаның мөлшері өте аз болғанына және Қазақстанда тағам өнімдеріндегі церулид токсинінің құрамына қатысты нормативтің болмауына қарамастан, компания 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтару шараларын бастады.

Аталған партиялардың өнімдерін сатып алған тұтынушылар оларды кері қайтара алады.

“Бұл кері қайтарып алу компания жүргізген ықтимал тәуекелдерді бағалау аясында өнімдердің шектеулі партияларына ғана қатысты. Бұл шараның басқа партиялардағы өнімдерге және Қазақстанда Nestle компаниясы ұсынатын балалар тағамының өзге барлық түрлеріне қатысы жоқ”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы танымал шәй маркаларынан қауіпті қоспа табылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 23:08