"Nesquit" пен "KatKit": Түркістанда 37 мыңнан астам қолдан жасалған шоколад тәркіленді
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысында 37 мыңнан астам қолдан жасалған шоколад батончиктері тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалаларының әділет департаменттері Сайрам ауданында бірлескен жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексерістің себебі шоколад батончиктері мен кондитерлік өнімдер шығаратын халықаралық компанияның құқық иесі ретінде берген арызы болды.
Осылайша құқық иесінің мүддесін бұза отырып сатылып келген 37 мыңнан астам контрафакт өнім тәркіленді. Белгілі сауда маркаларына ұқсатып, бірақ атаулары өзгертілген "KatKit", "Nesquit" және "Зайка" деген атаумен адал емес кәсіпкерлер қолдан жасалған шоколад өнімдерін өткізуге тырысқан.
"Бұл жағдай зияткерлік меншік нысандарын заңсыз пайдаланудың жол берілмейтінін көрсетеді және бұл саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шаралардың маңыздылығын айқындайды. Қазіргі таңда іс материалдары кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту үшін сотқа жолданды", – деді Шымкент Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі басшысы Мұхтар Абдезов.
Алайда өнімді кім, қандай жағдайда және қандай құрамдас бөліктерден жасағаны белгісіз. Сонымен бірге оның адам денсаулығына қауіпті болуы да мүмкін. Бұған байланысты тұтынушыларға шоколад өнімдерін тек түпнұсқа сауда маркаларымен және ірі бөлшек сауда желілерінен сатып алуға қатаң кеңес беріледі.
Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
Қазақтың ұлттық бұйымдары қытайлық маркетплейстерде заңсыз сатылып жүр
Еске салайық, бұған дейін 70 мың теңгенің шоколадын ұрлаған қазақстандық сот залында босатылғанын жаздық. Жезқазғанда ер адам супермаркеттен жалпы құны 71 544 теңге тұратын "Қазақстан" маркалы 33 және "Merci" маркалы 22 шоколадты жасырын ұрламақ болған. Ол дүкеннен шыға бергенде күзетшілер ұстап, тауарды тәркіледі. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінгенін жеткізді. Супермаркет әкімшілігі сот залында оны кешіріп, талаптардан бас тартты. Осылайша сот іс қысқартылып, ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
