Қазақстанда ұтыс ойнатқаны үшін жазаланған блогерлердің есімі белгілі болды
Фото: Видеодан скрин
Елімізде блогерлердің лотерея арқылы табыс табуы жиілеп, олардың кейбірі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Биыл Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті заңсыз ұтыс ұйымдастырған 83 адамды жазаға тартқан. Оның ішінде блогер JustKing пен оның жары Әмина, сондай-ақ Дархан Жолшыбеков бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында блогер Жанәбіловтер отбасы 10 көлік ұтысын ұйымдастырып, басы дауға қалды. Осыдан кейін желі қолданушылары Жанәбіловтерден бөлек лотерея арқылы қомақты қаржы тауып жүрген блогерлер көп екенін айтты. Сондай-ақ олардың неліктен жазаға тартылмайтынын сұрады. Осы орайда Stan.kz тілшісі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне дәл осы сауалды жолдап, жауап алып көрді.
Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті сауалымызға жауап беріп, жауапкершілікке тартылған бірқатар блогердің есімін атап өтті. Оның қатарында Нұртаза Нұрбек пен оның жары Амина және Дархан Жолшыбеков бар. Оларға хаттама толтырылып, мынадай жаза қолданылған:
– "justking31" аккаунтының иесі Нұртаза Нұрбекке қатысты 2025 жылғы 30 шілдеде хаттама толтырылды. Ол биыл 6 тамызда жеке кәсіпкер ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 1 179 600 теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл салынды;
– "aminaxo26" аккаунтының иесі Амина Нұртазаға қатысты биыл 15 тамызда хаттама толтырылған. Ол Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 25 тамыздағы қаулысымен жеке кәсіпкер ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал оған 825 720 теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл салынған;
– Ал блогер Дархан Жолшыбеков әкімшілік жауапкершілікке тартылып, биыл 3 сәуірде 393 200 теңге мөлшердегі әкімшілік айыппұл салынған.
Сондай-ақ комитеттің мәліметінше, осындай іске қатысты өткен жылы 101 жеке тұлға жауапқа тартылып, 41 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
"2024 жылы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 445-1-бабының 6 бөлігі (Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу) бойынша бұзған 101 жеке тұлға жауапқа тартылып, 41 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал 2025 жылдың басынан бастап Комитет қаржылық мониторинг органдарының көмегімен 83 жеке тұлғаны заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарты. Оларға 35 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл жазасы қолданылған. Әкімшілік жауапкершілікке тарту сатысында тағы 7 адам бар", – делінген хабарламада.
Істері қайта тергеуге жолданған ерлі-зайыпты блогер Жанәбіловтерді қандай жаза күтіп тұр
Сондай-ақ ведомство депутаттар мен Комитеттің тиісті рұқсатсыз заңсыз лотерея ұйымдастырушыларға жауапкершілікті күшейту мәселесін талқылап жатқанын айтты.
Десе де желі қолданушылары лотерея тақырыбын әлі де талқылап жатыр. Сондай-ақ олар неліктен лотерея ұйымдастырған басқа да блогерлердің жазаланбайтынын сұрап, пікір білдірді.
"Екеуі де бір схема. Бірақ кейбірінің үстінен заң жүзінде іс қозғалса, басқалары құтылып кетіп жатыр. Неліктен?", "Олар халықтың белгілі бір тобының сенімін пайдаланып, сол арқылы табыс табады. Әрине, халықты ешкім сатып алуға күштеп жатқан жоқ. Десе де олар ақшасын жұмсап, сатып алады. Өйткені блогерлердің курсын алса бір ғажайып болатынына сенеді", "Жалғыз Жанәбіловтер емес, мұндай әдісті қолданып жүрген блогерлер көп. Қазір әлі де курс, тренинг, түрлі тауар сатып жүрген блогерлер жетеді. Егер тексеру толқыны басталса, онда бәрін бірдей тексерсін", – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, бұған дейін Ерболат Жанәбіловтің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік ісін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс Экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды. Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс те тоқтатылып, қылмыстық іске ауыстырылды.
Еске салайық, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
