Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге қоршалмаған": Семейде жөнделіп жатқан жылу жүйесінің траншеясына жасөспірім құлап ауыр жарақат алды

Семейде жасөспірім трашеяға құлағанФото: HALYQSTAN 

Семейде қайта жаңғыртылып жатқан жылу жүйелеріне арналған траншеяға жасөспірім құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Баланың анасының айтуынша, қалада жылу желілері қайта жаңартылып жатыр, алайда қазылған траншеялар дұрыстап қоршалмаған.

“2025 жылдың 1 тамызы күні кешкі сағат 20:15 шамасында жасөспірім ұлым өтіп бара жатқан көлікке жол беру үшін шетке ығысып, Ауэзов алаңындағы ашық жылу трассасына құлап кеткен. Ауыр жарақат алып, жамбас сүйегі сынды. Қазір біз ауруханада жатырмыз, қиын ота жасалды. Қалпына келу бір жылдан үш жылға дейін созылуы мүмкін. Мен қайда жүгінемін? Неге ештеңе қоршалмаған? Балапаным осындай ауыр жарақатпен ауруханада жатқанда, бұл үшін кім жауап береді?” – деп жазды баланың анасы Гүлшат.

Анасының айтуынша, жолдың екі жағынан да траншеялар қазылған. Тіпті баласы ғажайып жағдайда тірі қалған. Жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарының тапсырыс берушісі – Абай облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Жұмысты жүргізуші "СРБ – L" ЖШС. Олар болған жағдайдан хабардар екен.

“Мердігер ұйымға барлық қоршауларды нормативтік талаптарға сәйкестендіру жөнінде нұсқама жіберілді. Сонымен қатар техникалық қадағалау тарапынан бақылау күшейтілді. Қоршаулардың жағдайы күн сайын тіркеліп отырады. Мердігер ұйым жер қазу жұмыстары туралы ескерту белгілерін қосымша сатып алды және қоршау тіректерін нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деп хабарлады облыстық басқарма.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес, уақытша қоршаулар берік, ескерту белгілерімен жабдықталған және қажет болған жағдайда жарықтандырылған болуы тиіс. Ал тек тор ілу жеткіліксіз.



“Мердігер ұйымдарға мұндай жағдайлардың жол берілмеуі және нормативтерді қатаң сақтау қажеттігі қайта ескертілді. Қосымша жарық орнату талап етілмейді. Себебі Әуэзов атындағы парк пен "G – cinema park" кинотеатры маңында тұрақты шамдар бар. Бұл түнгі уақытта жеткілікті жарық береді”, – деп толықтырды басқарма.

"СРБ-L" ЖШС зардап шеккен отбасыға өз еркімен материалдық көмек көрсетті. Баласының анасының өтініші бойынша мердігер компания жасөспірімнің оңалуы кезінде ыңғайлы болу үшін ортопедиялық жабдықтар сатып әперген.

Ал жергілікті биліктің айтуынша, бұл жағдай сыртқы себептерден болған. Жасөспірім жол жиегінде кетіп бара жатқанда, көлік оны айналып өтпек болып, баланың қасына қарай бұрыла берген. Жасөспірім көліктің астына түсіп қалмау үшін жиекке көтеріліп, тепе-теңдігін жоғалтып, траншеяға құлаған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 17:33
Талқылау
`