Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Небәрі 39 жасында кетті": Дана Нұржігіт марқұм әкесіне арнап, жазба жариялады

Танымал журналист, экс-сенатор Дана Нұржігіт марқұм әкесіне арнап жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/dana_nurzhigit/

Журналистің сөзінше, марқұм әкесі мәдениет саласының үздігі болған. 

“35 жыл… дәл осы күні Өмірбай әкем дүниеден озды. 39 жаста. Бары-жоғы 39!Дарынды күйші, дирижер, мәдениет саласының дарынды ұйымдастырушысы. Мемлекетшіл адам. Біз үшін ең мейірімді, ең қамқор әке. Шашымды өріп, киімімді үтіктеп, тамағымды әзірлеп мектепке апаратын,жолшыбай кешегі өткен тақырыпты талқылап, миыма құйып беретін ұстаз еді. Домбырасын алып, үйден шығып бара жатқаны әлі көз алдымда. Қаншама келіннің бетін ашып, той басқарып, жұртты ауызына қаратты. Жақсы-жайсаңдармен дос болды. Мәдени кештер ұйымдастырып, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев, “Тамашаның”, Роза Рымбаеваның концерттерін ауылға қойды. Шопандар слеті, көркем өнерпаздар байқауына тума таланттарды ауылдан іздеп сахнаға шығарды. Менің әкем “Мәдениет Майданының”сарбазы еді. Осыны көріп өскен мен қайда барамын?! Туыңды жықпау-міндетім, Әке! Бір сәт те есімнен шыққан емессің! Мен-осы дүниеде жер басып жүрген Өзіңмін!”, – деп жазды Дана Нұржігіт. 



Еске салайық, экс-сенатор анасының 36 жасында жесір қалып, екінші тұрмыс құрмағанын айтқан еді.

"Әкем анама өлерінің алдында "екі жыл төсегімді таза ұста, одан кейін тұрмысқа шық" деп рұқсатын берген екен. Бірақ анам тұрмысқа шықпады. 36 жас деген тым ерте жас. Бірақ тұрмыс туралы ойлаған жоқ. Бірақ соңғы жылдары Қанат Құлымжанов деген азаматпен бас қосты. 2018 жылдың желтоқсан айында анамның туған күнінде Қанат ағамыз салтанатты түрде сөз салып, асқан мәдениеттілікпен көңіл білдірді. Солайша бір-біріне тіреу болып отыр. Ол кісі театрда жұмыс істеген. Әкем секілді өнер адамы. Алматыда Наурызбай ауданында ардагерлер хорының жетекшісі. Біздің ешқандай қарсылығымыз болған жоқ. Керісінше ол кісіге арнайы алғасымды айтқым келеді", – деді тележүргізуші.

Талқылау