Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не қылған сүмеңдеген жүріс": Депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа елден шығуға тыйым салуды ұсынды

Депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа елден шығуға тыйым салуды ұсындыФото: nazarbayev.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында мемлекеттік құпияларды білетін бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба”, – деп жазды Ермұрат Бәпи.

Депутат “Қытайдағы сияқты шетке шығуды шектейтін заң біздің елдің халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін?” деп сұрады. Оның айтуынша, депутаттар да мемлекеттік құпияға қатысты талаптарға бағынады.

“Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық “қызыл жалауша” қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе”, – делінген жазбада.

Еске салайық, күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президент Владимир Путинмен Кремльде кездескен еді. Алайда саясаткерлерді не талқылағандары белгісіз.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 28 Желтоқсан, 2025 19:19