"Не деген сұмдық": Көпбалалы ана білім министрлігіне үндеу жасады
Алматылық көпбалалы ана сабақ оқып отырған балаларын видеоға түсіріп, білім және ғылым министрлігіне үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Редакциямызға алматылық көпбалалы ананың видеосы келіп түсті. Ол министрлікке назын айтып, қашықтан оқытудың қинап жібергенін жеткізген.
Видеода 4 баланың анасы мектеп жасындағы екі баласының сабағын оқыта алмай жатқанын айтып шағымданады. Оларға сабақ оқытайын десе, кішкентай екі нәрестесі маза бермейтін көрінеді. Оған қоса, үйінде қашықтан білім алып жатқан студент те бар екен. Келіншек білім және ғылым министрлігіне ең болмағанда бір баламызды мектепке жіберуге рұқсат берсеңіздер деп жанайқайын жеткізді.
"Мен төрт баланың анасымын. Бір балам екінші сыныпта, екінші балам даярлық тобында оқиды. Мына жақта шырылдап жылап жатқан кішкентай балам бар. Оған қарайын десем, екі балаға да сабақ оқыту керек. Ал мына жақта студентім бар. Ал екінші бөлмеде төртінші балам жылап жатыр. Құрметті, білім министрі! Сізге сұрақ. 4-5 баланың ата-аналары қалай сабақ оқытуы керек? Түсіндіріп бересіз бе? Не деген сұмдық. Бұл аналарға деген әділетсіздік қой. Баламызды оқытамыз ба, әлде кішкентайларға қараймыз ба? Ең болмаса, осындай көпбалалы аналардың бірнеше баласына мектепке баруға рұқсат беріп, оқытуға болар еді", - дейді келіншек.
Келіншектің үніне басқа да аналар қосылған. Олар қазір жағдайдың аса ауыр екенін айтып, әйел адамдардың қиналып кеткенін алға тартқан.
Сонымен қатар, көпалалы ана мектепте кезекші сынып ашылмағандықтан, балаларымды қабылдай алмайтындарын айтты, деп отыр.
"Балаларымның қауіпсіздігіне қорқамын. Бірақ, білім де керек. Ережелерді сақтап оқуға болады деп санаймын. Министрліктен оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыруларын сұраймын. Мектебімізге сұраныс беріп едік, "кезекші сынып жоқ, қабылдай алмаймыз, бір балаға бола сынып ашпаймыз" деп қабылдамай қойды", - дейді келіншек.
Еске сала кетейік, осыған дейін министрлік оқушылардың қашан мектепке бара алатыны туралы айтқан болатын. Олардың сөзінше, бас санитардың қаулысынан кейін ғана оқушыларға мектепке баруға рұқсат етілмек.