Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевқа жағымпазданған алматылық билік көпқабатты үйлердің жартысын ғана сылап, масқара болды

Елбасына жағымпазданамын деп, көпқабатты тұрғын үйлердің жартысын бояған алматылық шенділер күлкіге қалды. Мереке күні теннис орталығына барған Президентті қарсы алған атқамінерлер оған жақын маңдағы ғимараттарды жартылай сылапты. Сыртын әрлегенімен, іші былығып, тот басып жатыр. Ықшамаудан тұрғындары кемшіл тұсты көрсеткісі келмеген әкімдіктегілерге ашулы.

Назарбаевқа жағымпазданған алматылық билік көпқабатты үйлердің жартысын ғана сылап, масқара болды

Бір аптадан бері алабажақ болып тұрған үйлер туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Мамыр-4 ықшамауданында бір шеті тот басқан, бір шеті көкпен боялған тұрғын үйлер көп. Бұл сән үшін емес. Тұрғындар бір апта бұрын Елбасы келеді дегенде әкімдіктегілер бір күнде апыр-топыр бояды дейді. Сонда Елбасыға көрінетін жағын бояп қалғанын тастап кеткен. Бұл тура көзбояушылық дейді жұрт.

Бұл үйлерді көріп, жақсы айла тапқан шенділердің қулығына таң қалмасқа болмайды. Көлденең тұрған ғимарат су жаңа, тура енді ғана жөндеуден өткендей-ақ. Бірақ, мына бетіндегі сылақтары күнге күйіп әбден тозған. Осы тектес алты үй тұр. Тіпті, бір подъезді тұрғын үйдің оң жағын сырлап, сол жағына келгенде бояуы таусылғандай. Бірақ, халық мәселе бояуда емес, алдауда дейді.

«Халықты алдау, көзбояушылық. Ең бастысы теннис клубына келген президентті алдау болып тұр. Мен солай ойлаймын» – дейді қала тұрғыны Айнаш Манаева.

Өз балкондары сылақсыз қалған жұрт көршілеріне қызғана да қызыға қарайды. Жазығы сол көзге түспейтін үйде тұрғанында. Кейбірі, Елбасы ауланың алдынан емес, артынан өтпепті деп шенділерді кекетуде.

«Жалтырап тұрсын деп, сол кісінің көретін жағын ғана бояды. Мен қалжығдадым, сосын ана кісіге жақындап, амандасып, сіз жақ жарқырап, ана жақ көрсеңіз адам шошырлық деп айтар едім. Әттең. Ей Елбасы мына жақ емес, ана жақтан келеді. Мына жақты неге жөндемейсіңдер дедім» – дейді қала тұрғыны Әнуар Байыров.

Алыстан қарасаң расымен тап-тұйнақтай 2-3 үй көрініп тұрады. Жақындасаң, адам аярлықтай. Шала іс бүтінделе ме жоқ па ол белгісіз. Пәтер иелер кооперативінің төрайымы да білмейді. Әйтеуір, Әуезов ауданының атқамінерлері жасағанын айтады.

«Әуезов ауданынның әкімдігі келіп, сондай шешім берді. Өздері істеді. Біз әшейін көмек бергеніміз болмаса, өздері келіп істеді. Олар ана жақтан президент келеді деп айтты. Сондықтан аудан жақсы, әдемі болсын деді» – дейді «Ардагер-4» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Бекболат Тұрәлиев.

Халық алғашында жаңартып жатқан шенділердің ісіне қуандық, дейді. Мерекелік демалысқа байланысты жөндеу тоқтаған шығар деп сеніп келген. Алайда, сол күні жүрген тоқсан жұмысшының тоғызы да әлі көрінбейді. Сондықтан тоғыз күннен бері ел алабажақ үйлердің тұрғындары атанып жүр.

Тағы оқыңыз:

Ұлттық теңгенің алғашқы дизайнын жасаған атақты сәулетші дүниеден озды

Ғаламторда қан мен тердің арқасында келген соғыс ардагерлерінің төсбелгілерін тиын-тебенге сатуда

Танымал актер Рахман Омар ұлды болды

Соғыс ардагерлерін Ұлы жеңіс күнімен құттықтаған Қайрат Нұртастың балалары жұртты сүйсіндірді (фото, видео)

Талқылау