Назарбаев зияткерлік мектебінде телефон ұстауға тыйым салынған соң оқушылар кептеліп қалды
Фото: Threads kamshat.mansarbayeva
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар бірін-бірі таптап кете жаздаған. Білім алушылардың топ болып жиналуына 7–12-сынып оқушыларының телефонын жинап алу себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқушылардың бір орында топ болып тұрғаны түсірілген видео желіде тарады.
Ата-аналардың айтуынша, бұл жағдайға мектепте гаджет қолдануға тыйым салу ережесі себеп болған. Ережеге сәйкес, таңертең 7–12-сынып оқушылары телефондарын бір орынға тапсырады. Сабақ біткен соң құрылғыны қайтып алу үшін кезекке тұрады. Сол сәтте адам көп жиналады. Ата-аналар бұл жағдай оқушылардың жарақат алуына әкелуі мүмкін деп алаңдап отыр.
"Бұл соғыс жылдарындағыдай нан алуға арналған кезек емес. Бұл Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өз телефонын алғысы келіп тұрған балалар. Енді балалар смартфонын таңертең тапсырып, кешке бір-ақ алады. Мен бұл тыйымды ақымақтық деп санаймын. Себебі бұл кезек болашақта қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Ұлым былтыр мектепте аяғын сындырып алған. Енді елестетіп көріңізші. Оның және сыныптастарының қолында телефон болмаса, «жедел жәрдемді» қалай шақырады? Әлде сынған аяғымен кезекте тұрып, көмек күтуі керек пе? Телефо төтенше жағдайларда байланыс құралы саналады", – деп жазды ата-ананың бірі.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінен мән-жайды сұрап білді.
“Барлық жағдай жедел түрде анықталды. Мектеп әкімшілігі тарапынан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданды. Оқиға бір ғана Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Айта кетейік, бірқатар NIS мектептерінде пилоттық жоба ретінде оқу процесі кезінде смартфондарды пайдалану шектеулерін енгізу бастамасы ішінара жүзеге асырылған”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ оқу орнының ережесіне сәйкес, барлық оқушы телефонын жеке ұяшықтарға немесе шкафтарға тапсырады. Ал сабақ соңында құрылғыларын қайта алады. Мектеп өкілі оқушыларға батырмалы телефондарды қолдануға тыйым салынбайтынын айтты.
Айта кетейік, 2024 жылы "Білім беру туралы" заңға өзгерістер енгізілген еді. Оған сәйкес, мектеп оқушыларына сабақ үстінде смартфон қолдануға тыйым салынған. Бұл тек сабақ барысына қатысты. Демек оқушы мектепке телефонын әкеле алады, бірақ оны тек қоңырау кезінде пайдаланады.
Заң бойынша, балалардың білім алуына кедергі келтірмеу үшін тек қоңырау шалуға және хабарлама алмасуға арналған қарапайым телефондарды (батырмалы телефон) пайдалануға рұқсат етілген.
Бұл өзгерістер ресми түрде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап күшіне енді.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
