Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыны бітіру кешіне бір күн қалғанда оқудан шығарып жіберген
Фото: raisingarizonakids.com
Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 "L" сынып оқушысы бітіру кешіне бір күн қалғанда мектептен шығарылды. Белгілі болғандай, оқушы бақылау жұмысы кезінде шпаргалка қолданған, ал ұсталған сәтте мұғалімді балағаттаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл оқиға туралы Facebook парақшасына жазды. Депутат жариялаған суретте мектептің ресми бұйрығы көрсетілген. Онда педагогикалық кеңестің шешімімен оқушының тәртіптік ереже бұзғаны үшін 23 мамырдан бастап мектептен шығарылғаны жазылған.
Ирина Смирнованың пікірінше, бұл шешім асығыс әрі заңсыз қабылданған.
"23 мамырда баланы мектептен шығару – бұл не деген сұмдық? Ол енді қайда барады? Қай мектеп оны қабылдайды? Назарбаев мектебі, сіздер оқушының құқығын бұзып отырған жоқсыздар ма? Сіздердің бұл шешімдеріңіз қоғам күткен біліктілік деңгейінен әлдеқайда төмен емес пе? Қоғам бұл мәселемен сотқа жүгінуге дайын", – деп жазды депутат.
Смирнованы адвокат Жангелді Сүлейменов те қолдады. Оның айтуынша, бұйрықта "тәртіптік ереже бұзды" деп жазылғанымен, мұндай себеппен оқушыны мектептен шығару мүмкін емес. Өйткені мектеп жарғысында бұл жағдай оқудан шығаруға негіз болмайды. Сол себепті ол осы шешімді қабылдаған қызметкерлерді жұмыстан шығарып, жауапқа тартуды ұсынды.
Алайда көп ұзамай Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Facebook арқылы жағдайға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, өткен аптада тоқсандық қорытынды бағалау болған. 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтихан кезінде ұялы телефон қолданған. Бұл – мектепте қатаң тыйым салынған әрекет. Мұндай жағдайға жол берілмейтіні туралы оқушылар мен ата-аналарға үнемі ескертіліп тұрады.
"Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған. Соның ішінде "ш...ва" деген сөз қолданылған. Бұл жағдай басқа оқушылардың көзінше болған, дәлелдер де бар", – деді Жанғозин.
Сондай-ақ бұл оқушының бұрын да тәртіптік мәселелері болғанын айтты.
"Бұл жағдайды жан-жақты қарап, қажет қорытындылар шығарамыз. Бірақ болған жағдай үшін мектепті ғана кінәлау дұрыс емес. Мұндайда отбасының, қоғамның да жауапкершілігі бар екенін естен шығармау керек", – деп түйіндеді Ануар Жанғозин.
Қазір оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешілген.
Еске салайық, бұған дейін желіде қазақстандық университет оқытушысы 4-курс студентін емтиханда смарт сағат пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарып жібергенін айтты. Оның бұл әрекеті желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті.