Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті әскерге күштеп алып кеткен: Қорғаныс министрілігі түсіндірді
Фото: nu.edu.kz
Қорғаныс министрлігі күштеп әскерге әкетілген Назарбаев университетінің студентіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысы Абай ауылында әскери комиссариат қызметкерлері полициямен бірлесіп, Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті күштеп әскерге әкеткен.
Қорғаныс министрлігі жағдайға қатысты пікір білдіріп, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру конституцияға және заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Әскерден тек колледждер мен жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын студенттері ғана босатылады. Назарбаев университетінің дайындық курстарын да қоса алғанда, басқа дайындық курстары әскери қызметке босату құқығын бермейді, өйткені олар заңмен қарастырылған ресми білім беру бағдарламаларына жатпайды. Аталмыш азаматтың шақырылуы заңды негізде жүзеге асырылды", – делінген министрлік хабарламасында.
Түркияда оқып жүрген қазақстандық студентті әскерге күштеп әкетпек болған
Назарбаев университеті де жағдайға қатысты пікір білдірді. Университет өкілдері Foundation бағдарламасының түлектеріне қатысты жағдайдан хабардар екендерін растады.
Университет студенттің заңды мәртебесін тек жазда ресми қабылдаудан кейін алатынын атап өтті. Талапкерлерге осы кезеңде әскери қызметтен босатылмайтындары алдын ала хабарланған көрінеді. Дегенмен, университет талапкердің туыстарымен, ғылым және жоғары білім министрлігімен, қорғаныс министрлігімен байланыста екенін және осындай жағдайларды реттеу үшін шаралар қабылдауға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті құзырлы орган өкілдері әскерге күштеп алып кеткені туралы жазған едік.