Назарбаев университеті 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған
Назарбаев университетінің 73 млрд теңгені тиімсіз жұмсағаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: nu.edu.kz
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, университет әлі күнге мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жұмыс істеп келеді.
“Бірқатар кемшіліктер мен проблемалық мәселелер анықталды. Бірінші мәселе, НУ әлі күнге бюджеттік қаржыландыруға тәуелді. Алайда университтеті дамытудың стратегиялық құжатында университет басқа табыс көздері арқылы республикалық бюджетке тәуелділіктен арылу керектігі анық айтылған. Сонымен қатар ерекше мәртебесі мен бұрын-соңды болмаған қолдау шараларына, салықтық жеңілдіктерге қарамастан, университтің 97% республикалық бюджеттен қаржыландыруда", – деді Смайылов.
Смайлов сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес Назарбаев университеті қаржылық есеп беруден босатылғанын атап өтті.
"Аудиторлық тексеру нәтижесінде 73 млрд теңге көлеміндегі қаражатты тиімсіз жоспарлау мен пайдалануды анықтадық. Сонымен қатар 500 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Университеттің стратегиялық серіктестерінің тізімі конкурстық процедураларды айналып өтіп, бір көзден университетке тауарлар мен қызметтерді жеткізетін компаниялардан тұрады. Тағы бір кемшілік – коммерцияландырудың жеткіліксіздігі, университеттегі ғылыми зерттеулердің іс жүзінде коммерцияланбауы", – деді жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Назарбаев университетінің студентін әскерге күштеп алып кеткен: Қорғаныс министрлігі түсіндірді
Назарбаев университеті аудиторлық есеп қорытындысына қатысты мәлімдеме жасады. Университеттің мәліметінше, мемлекеттік аудит университеттің 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі қызметіне жүргізілген.
"Аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтар бюджеттік бағдарлама шеңберінде студенттердің жол жүруі бойынша өтемақыны және мемлекеттік шәкіртақыларды есептеуге байланысты және университеттің академиялық және ғылыми қызметіне қатысы жоқ”, – делінген университет жауабында.
Университет басшылығы 2024 жылы университетті республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 50%-ды құрайтынын, қалған сома эндаумент-қор және демеушілер, сондай-ақ білім беру, ғылыми-зерттеу және өзге де қызметтерді ұсыну есебінен жиналатынын атап өтті.
Университет жаңа білім беру бағдарламаларын ашуға, ақылы негізде білім алушылар санын ұлғайтуға уәде берді.
“Университет жасанды интеллект жөніндегі жобаны және өзге де ғылыми жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, сондай-ақ ғалымдар мен мамандарды даярлау жөніндегі өзінің стратегиялық міндеттерін іске асыруды толыққанды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар коммерцияландыруға бағытталған және Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін қажетті инновациялық ғылыми жобалар бойынша жұмыс істеуді жалғастырады”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Назарбаев Университеті мен "ҚазМұнайГазға" тексеру жүргізілетіні туралы жазған едік.